Берекенің бастауы
Ұлытау ауданының әкімі Әнуар ОМАРДЫҢ төрағалығымен өткен кезекті жиынның өзегі – Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі.
Басқосуға аудандық мәслихат хатшысы Талғат Сейітжанов, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары, кент, село әкімдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Халық хабардар, Елбасының бұл Үндеуінде әрбір отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсыну, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салықтық жүктемесін азайту, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ, елді мекендерді газбен қамту ісін жалғастыру жөніндегі бастамалар қамтылды.
Президенттің бірінші бастамасы бойынша аудан әкімінің орынбасары Дана Оразбеков баяндама жасады.
Оның айтуынша, аудан бойынша 2007 жылдан бері 70 тұрғын үй салынған. 29 тұрғын үй бөлімнің балансына аудан әкімінің 2013 жылдың 18 қазанындағы №27/05 қаулысымен, 4 тұрғын үй Ұлытау селолық округінің балансына аудан әкімінің 2008 жылдың 26 желтоқсанында №357 қаулысымен өткізілген. Қалған 8 тұрғын үй – бұрыннан селолық округтің есебінде. 5 тұрғын үй жұмыспен қамту орталығының балансына аудан әкімінің 2013 жылдың 18 қазанындағы №27/05 қаулысымен өткізілген. Бұлқышев көшесіндегі 4 тұрғын үйдің құжаттары бүгінге дейін ауданның құрылыс бөлімінде заңдастырылуда.
2018 жылдың желтоқсан айында 2 пәтерлі 10 тұрғын үйді баспанаға мұқтаж азаматтарға үлестіру жоспарлануда. Сонымен қатар, Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау өңірлерін дамыту бағдарламасына сай, 2019-2022 жылдар аралығында 2 қабатты 12 пәтерлі 5 тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, елді мекен шегінде тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алуға 2017 жылы 12 азамат, 2018 жылы 22 азамат өтініш берген.
Екінші бастама бойынша Ұлытау ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхиннің баяндамасы тыңдалды.
Президент тапсырмасына орай, салыстырмалы түрде жалақысы төмен азаматтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салықтық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1% мөлшерінде ғана салық салу көзделіп отыр. Яғни, ай сайынғы есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салықтық жүктемесін жеңілдету қажет. Үнемделген қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалады. Нәтижесінде, ауданымыздағы барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің – 708 адамның еңбекақысы жұмыс берушіге салмақ салмай көбейеді.
«Шағын несие көлемін көбейту» бастамасы бойынша аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов баяндама жасады. Ұлытау ауданы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы қолға алынғалы бері 9 жоба несиелендірілген. Оның ішінде, жалпы сомасы 24 млн. 937 мың теңге болатын 5 жобаның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланған, жалпы сомасы 7 млн. 120 мың теңге болатын 4 жобаға – мемлекеттік қайтарымсыз грант берілген.
Үстіміздегі жылы жалпы құны 2,4 млн. теңгелік 2 жоба мемлекеттік грантқа ие болған. Олар – Сарлық селосындағы «Көкмайса» қонақ үйі және Алғабас селосындағы «Әсемай» ЖК тігін ательесі.
Бесінші бастама бойынша аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов 2019-2021 жылдары жүзеге асыруға жоспарланған магистральды газ құбырының бағытын Ұлытау ауданының елді мекендеріне тарту мақсатында, жобаны қаржыландырудың сызбасы мен шарттары, жобаны жүзеге асыру үшін жобалаусметалық құжаттамасын әзірлейтін жобалық ұйым анықталған кезде, аудандағы елді мекендерде тұратын халқының санын, әлеуметтік нысандардың атауы мен санын, жергілікті әлеуетті тұтынушылардың, кәсіпкерлік және өнеркәсіп нысандарының саны мен тұтыну мөлшерін қосатын жобалау-зерттеу жұмыстарына қажетті есептерді әзірлеп беруге дайын екендігін баяндады.
Өз тілшімізден.