Жаңалықтар

«Еңбек» жұмыссыздықты жеңбек

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қатысушы кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде. Биыл Балқаш қаласына қарасты кенттердің тұрғындарына аграрлық секторды дамытуға жол ашылып отыр.

Жуырда Саяқ пен Гүлшат кентінің екі тұрғынына жалпы сомасы 8 миллион теңге болатын несие берілді. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%, тиімді жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6,7%-дан аспайды. Бұл туралы Балқаш қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Гүлсім Қалпебаева мәлімдеді.

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге несие берумен айналысып келеді. «Еңбек» бағдарламасының аясында мал шаруашылығын, егін шаруашылығын, кәсіпкерлік қызметті дамытуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтауға бағытталған несие өнімдерімізді ұсынып отырмыз. Несие сомасы қызметтің бағытына қарай 4 миллион теңгеден 12 миллион теңгеге дейінгі аралықта болады. Несиенің берілетін мерзімі де жобаға байланысты 6,5 жылға дейін созылады. Сыйақы мөлшерлемесінің төмендігі, жеңілдік кезеңдері, несиені өтеудің икемді кестесі, жаңа шаруашылықтар құруға және кеңейтуге мүмкіндік береді, – дейді Гүлсім Қалпебаева.

Маманның айтуынша, бағдарлама шағын қожалықтар мен фермерлік шаруашылықтарды, жеке кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған отбасылардан шыққан азаматтарға несие 4 пайызбен берілетін көрінеді.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button