Ресми

Оқушы компьютерсіз қалмайды

Елімізде қашықтан білім алатын 300 мың балаға компьютер үлестіріледі. Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осындай жаңалықпен бөлісті.

– Ауыл мектептерінің көбінде интернет жоқ. Бірақ, проблема осы мектептерде ғана деген сөз емес. Бірқатар үлкен немесе шағын қалалардың өзінде жалпы техникалық мүмкіндік болғанымен, біраз оқушыларымыздың үйлерінде мүлдем компьютер жоқ. Техникалық мүмкіндігі бар балаларды интернетке қосу мәселесі де – өзекті. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар бұл бағытта жұмысты бастап кетті. Техникалық мүмкіндігі бар, бірақ интернетке қосылмаған балаларды интернетке қосу жұмыстарымен әкімдіктер айналысуда, – деді министр.

«Елімізде интернеті, техникалық мүмкіндігі болса да, компьютері жоқ деген 300 мыңнан астам бала бар» деген министр бұл мәселені шешудің екі жолын көрсетті. Біріншісі – мектептердің балансындағы компьютерлерді балаларға уақытша беру. Бұл жұмыстың басталып кеткені белгілі. Арнайы акт бойынша біраз балаға берілді. Дегенмен, мектеп компьютерлерінің жеткіліксіздігі барлығын қамтуға мүмкіндік бермейді. Ал, екінші жолы – қосымша компьютерлер сатып алу. Бұл жұмыс та басталып кеткен.

– Қосымша компьютерлер сатып алу басталды. Біздің ойымызша, 80 мыңға жуық компьютер алынады. Оның ішінде планшеттер де бар. Тиісті талдау жасап көрдік. Жалпы, еліміз осынша компьютер саны жеткілікті деп айта алмаймыз. Сондықтан, мәселені шешудің түрлі жолдарын қарастырып жатырмыз, – деді министр.

Қазір елімізде 2 миллион 6000 бала қашықтан білім алса, 800 мың оқушы мектепке барып жүр. Оқушыларға 435 мың компьютер уақытша пайдалануға берілген. Енді қосымша 300 мың компьютер таратылады. Асхат Қанатұлы аталған құралдар мұқтаж отбасылардың балаларына берілетінін айтады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button