АймақБалқаш

«Балқаш барысының» қолғабы

Даңқты боксшы, Атланта Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, Балқаш қаласының Құрметті азаматы Василий ЖИРОВТЫҢ былғары қолғабы музей төрінде тұр. Қолы қойылған жәдігерді «Балқаш барысы» 2008 жылы музей қорына өзі тапсырған екен.

Василийге жеңіс сыйлаған қолғап бүгінде келушілердің зор қызығушылығына ие.

– Небары 22 жасында бокстан Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері атанған Василий Жиров Балқаштың ғана емес, Қазақстанның мақтанышы. Музейімізде тұрған қолғап өгіздің жоғары сапалы терісінен тігілген. Жапсырма арқылы бекітіледі. Боксшы бұл қолғапты, көбіне, жаттығу залына киіп шыққан. Бұдан бөлек, музейде Жировтың медальдары мен кубоктары, басқа да жүлделері, жеке заттары бар, – дейді музей қызметкері Дәулет Қожақов.

Айта кетейік, жерлесіміз кәсіпқой бокста жоғары жетістіктерге қол жеткізді. «IBF», «WBO» тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, «WBC» тұжырымы бойынша Америка чемпионы атанды. Кәсіпқой бокста өткізген 1997-2009 жылдар аралығында 48 рет рингке көтеріліп, соның 38- інде жеңіске жетті. 32 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтап, мықты нокаутерлердің біріне айналды.

Қазір Василий Жиров АҚШтың Аризона штатында тұрады.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button