Руханият

АҚҚОРАДАН – ақпарат айдынына

Мағауия СЕМБАЙ!

Қазыналы Қарағандының ақпарат айдынында айырықша із қалдырған қарымды қаламгер, абзал азамат еді ол. Оның туған жері – Қарқаралы ауданының Аққора ауылы. Осы алақандай ғана Аққора ауылынан қанат қағып, қазақ баспасөзінің ақпарат айдынына ақ желкенді кемесін салған жампоз журналист Мағауия Сембайды алғаш рет көрген сәтім күні бүгінге дейін жадымда.

Әлі есімде, 1986 жылғы қаңтар айының 28-ші жұлдызы еді. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы Тілеухан Жүсіпов ағаның кабинетінде отырғанмын. М.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, одан кейін бір жарым жыл Кеңес Армиясы қатарында әскери борышымды атқарып, елге оралған едім.

Тілеухан аға мені тілші ретінде редакция аппаратына жұмысқа қабылдайтынын айтты. Содан кейін қай бөлімге баратыным туралы орынбасары Есімбек Бәйтенов ағамен ақылдаса бастады.

Осы кезде редактордың кабинетіне сұңғақ бойлы, жылы жүзді жігіт кірді де, қолындағы қағазын редактордың алдына қойды. Редактор оған мені жас маман ретінде жұмысқа алғалы отырғандарын айтты. Маған оны да таныстырды.

– Мағауия Сембаев деген ағаң болады. Біздің редакцияның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады,– деді.

Мағауия аға сол жерде редакторға:

– Маған бір жас жігіт керек болып жүр еді. Бұл жігітті менің бөліміме жіберіңізші, – деп қолқа салды.

– Әй, сен олай құлағыңды қайшылама. Жас жігіт басқа бөлімдерге де керек. Оның үстіне қазір Сапиолла Ансаров ағаң хат бөлімінде жалғыз өзі қалды. Біз Төлеубайды сол бөлімге тілші етіп жіберуді ұйғардық.

Кейін сендердің де бөлімдеріңде қызмет атқарады ғой,– деді газет редакторы, облыстық Кеңестің депутаты Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіпов аға өзінің қоңыр барқыт даусымен. Кейін ойлап қарасам, бұл журналист Мағауия Сембаевтың орда бұзар 30 жастан енді ғана асқан кезі екен. Ол басқаратын ауыл шаруашылығы бөлімі редакцияның ең мықты деген бөлімдерінің бірі көрінеді. Қарамағында Қағазбек Сәденов деген тәжірибесі өте мол ардагер журналист ағамыз қызмет атқарып жүрді.

Сол кезеңде осы ауыл шаруашылығы бөлімі «Ірі қараның іргелі мәселелері» деген тақырыппен облыс аумағында сиыр түлігінің мал басын көбейтуге байланысты сериялы проблемалық мақалаларды дүркін-дүркін жариялап тұрды. Бұл аса ауқымды тақырыпты бірінші болып бөлім басшысы Мағауия Сембаевтың өзі көтерді. Содан кейін өңірдегі мал мамандары, шаруашылық басшылары, ғалымдар бұл мәселені одан әрі іліп әкетті.

Кейін осы тақырыпта жарияланған материалдар орыс тіліне аударылып, облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде талқыланды. Көтерілген мәселелер бойынша арнайы шешім қабылданды.

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің хат бөлімінде бірнеше ай қызмет атқарғаннан кейін мені Мағауия Сембаев жетекшілік ететін ауыл шаруашылығы бөліміне ауыстырды. Осы кезеңде Мәкеңмен қоян-қолтық бірлесе жұмыс істедік. Ол ақылшы аға, мен ізетті іні болдым.

Бұған дейін редакцияның штабы саналатын секретариатта бірталай уақыт қызмет атқарған Мәкең газет макетін сызудың майталман шебері еді. Ауыл шаруашылығы бөлімі дайындайтын арнаулы беттің макетіне дейін өзі дайындайтын.

Ол бірер жыл республикалық «Егемен Қазақстан» газеті редакциясының аппаратына арнайы шақырумен барып, жорға қаламды жампоз журналист Қайнар Олжай басқаратын ақпарат бөлімінде аға тілші болып қызмет атқарды. Ал сол уақытта «Егемен Қазақстан» газетінің редакторы арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты Шерхан Мұртаза ағамыз болатын.

Шерағаң редакторлық еткен кезде «Егемен Қазақстан» газеті қарға аунаған түлкідей құлпырып сала берді. Бұрынғы сірескен мақалалар азайып, рухани олжа болып табылатын оқырман дүниелерге жол ашылды.

«Қасқыр мен тілшіні аяғы асырайды» деген қағиданы берік ұстанатын Қайнар Олжайдың ақпарат бөлімі республиканың бас басылымының басты бөліміне айналды. Газеттің осы табысына Мағауия Сембаев та өзінің лайықты үлесін қосты.

Бірақ, ол көп ұзамай өзінің Қарағандысына қайтып оралды. «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарды.

1997 жылдан бастап табаны күректей 22 жыл бойы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы болып жемісті еңбек етті. Абырой мен атақдаңқ Мәкеңді өздері тауып келіп жатты. Бірақ, ол қаншама үлкен марапатқа ие болса да, өзінің қарапайым азаматтық болмысын сақтай білді. Әлдебіреулер сияқты өз буына өзі пісіп, көкірек керу мен дандайсу сияқты жат қылықтардан аулақ болды.

Мағауия ағамның өзі де батыр тұлғалы атпал азамат еді ғой. Ол қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен Алаштың алдаспаны Мұхтар Мағауиннің көңілдерінен шыққан сыйлы іні бола білді. Қазақ үшін басын бәйгеге тігіп, қызыл қанын төккен батыр Баян мен оның сайыпқыран сарбаздары жерленген қорымды анықтаушылар қатарында да журналист Мағауия Сембаев қаламын қолына алып, алғы шепте жүрді.

Қатар қызмет атқарып жүрген кезеңде Мәкең туралы санада сақталып қалған жағдайлар баршылық қой. Бір тосын оқиға ойға оралады.

…1993 жылдың тамыз айы болатын. Бұқар жыраудың 325 жылдық мерейтойын тамашалауға арнайы барған қарағандылық бір топ журналист тойдан кейін «Орталық Қазақстан» газеті редакциясының ескілеу «Волгасымен» Қарағандыға қайтпақшы болдық. Жүргізуші Аман деген жас жігіт еді. Аманымыз аяқ астынан шатасып, біз отырған көлік жолдың табанына аударылып кетуге шақ қалғаны. Үрпиіп қалдық. Сонда Мағауия ағамыз жерге қарғып түсті де: – Артқа отыр! – деп Аманнан көліктің тізгінін тартып алды. Содан қалаға дейін «Волганы» сырғытып отырып, өзі жүргізіп келді. Бұл жағдай да оның қарым-қабілетінің бір қырын көрсетсе керек.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқымыз. Қатар жүрген күндерде көңіліміздегі ықылас пен жүректегі лебізді көп жағдайда жеткізе алмай пұшайман күйде қалатынымыз бар.

Мағауия Сембай «Орталық Қазақстан» газетіне редакторлық еткен жылдары көптеген бағалы бастамаларды іске асырды. Соның бірі – бүгінде редакция ғимаратының бесінші қабатының қабырғасында ілулі тұрған «Орталық Қазақстан» газеті редакторларының фотогалереясы.

Осы галереяны ашу кезінде:

– Бұлар – XX ғасырдағы біздің 20 редакторымыз! Кейінгі жас толқын біліп жүрсін деген ниетпен суретшіге арнайы тапсырыспен суреттерін салдырып, редакциямыздың қабырғасына іліп қойдық. Бұл – өткенге құрмет. Бұл – біздің «Орталық Қазақстан» газетінің шежіресі, – деді ол тебірене сөйлеп.

Бүгінде осы галереяның бір шетінен Мағауия Сембайдың өзінің де суреті ойып тұрып орын алды. Қарағандыдағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағының шежіресін Мәкеңнің өзі жылдар бойы жалықпай тәрбиелеген ізбасар інілері сәтімен жалғастырып келеді.

«Адам өлген күні емес, ұмытылған күні өледі» деген сөз бар. Сіз өлген жоқсыз, Мағауия аға! Өйткені, атыңыз ұмытылған жоқ.

Қолтаңбаңыз уақыт табымен сарғая бастаған газет парақтарында, жарқын бейнеңіз туыстарыңыз бен дос-жарандарыңыздың, өзіңізден өнегелі тәрбие алған ізбасар інілеріңіз бен шәкірттеріңіздің көңілінде қалды.

Көзден кеткеніңіз рас. Бірақ, көңілден кеткен жоқсыз, Аққора ауылынан қанат қағып, ақпарат айдынында айшықты ізін қалдырған ардақты Аға!

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button