Каникул кезінде оқушылардың демалысы қалай ұйымдастырылады?
Биыл «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады, деп хабарлайды Ortalyq.kz sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұйымдастыру ісіндегі барлық мәселе 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары шеңберінде пысықталуда, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі. Осы мақсатта республикалық және өңірлік штабтар құрылды. Барлық демалыс орталықтарының тізімі әзірленіп, олардың дайындығы қамтамасыз етілді.
– «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерден келген оқушыларға, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтарынан және ауылдық жерлерден келген көп балалы отбасынан шыққан балаларға басымдық беріледі, – делінген хабарламада.
Жалпы, еліміз бойынша 2,9 млн бала жазғы демалысты 10 743 демалыс лагерінде өткізеді деп күтілуде: 10 мың – жыл бойы сауықтыру орталықтарында, 240 мың – қала сыртындағы орталықтарда, 2,6 млн – мектеп жанындағы лагерьлерде, 75 мың – шатырлар мен киіз үйлерде.
Өңірлерде жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша бірегей жобалар іске асырылады: «Ұлы Дала кереметі», «Jas galym», «Гастро туризм», «Бір күн қалада», «Қонақжай отбасы» және басқалары, бұл демалысты мазмұнды өткізуге мүмкіндік береді.
Жаз маусымы қарсаңында министрлік 120 мың педагог-ұйымдастырушыны арнайы даярлықтан өткізді. Қосымша 12 мыңнан астам студенттер мен еріктілер тартылады.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.