Ресми

Ауыл мен қала алшақтығы азаяды

Соңғы 10 жылда ауылдық елді мекендерді мемлекеттік қолдау есебінен ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған түрлі шаралар атқарылуда. Осы кезеңде Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының бірнеше кезеңдері, сондай-ақ, өзге де салалық бағдарламалар іске асырылды. Нəтижесінде, сумен жабдықтау, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы қала мен ауыл алшақтығы қысқарып, көлік қатынасы да жолға қойылды. Одан бөлек, «Ауыл аманаты», «Ауыл – Ел бесігі» жобалары шеңберінде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ал, ауылдық елді мекендерді дамытудың негізгі тəсілдері «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында» белгіленген. Осы жəне өзге мəселелер туралы аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында мəлім болды.

Сурет: dknews.kz сайтынан

Жалпы, облыста 358 елді мекен бар десек, оның алтауы облыстық маңызы бар қала, екеуі – аудандық, сегізі – кент, 342-сі – ауылдық елді мекен. Жоғарыда айтқан тұжырымдаманы облыстық деңгейде іске асыру үшін облыстың ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы əзірленіп, бекітілген.

Жол картасы бойынша ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру үшін 721 млрд. теңге қарастырылған. Барлығы 84 іс-шарадан тұратын жұмыстар қатарында агроөнеркəсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы кооперациясы мен кəсіпкерлікті ынталандыру жəне қолдау, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы емес қызметті дамыту жолымен əлеуметтік, инженерлік жəне көлік инфрақұрылымын дамыту бар.

Экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваның айтуынша, даму əлеуеті бар ауылдарды дамыту «Ауыл – Ел бесігі» жобасы, сондай-ақ, өзге бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылуда. Мəселен, 221 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталғандықтан, тапшылық көріп отырған жоқ. Жол мəселесі де шешімін тапты. 228 ауылдың кентішілік жолдары – қанағаттанарлық. Мəдениет нысандары, мектептер де жұмыс істеп тұр.

– Бүгінде облыс бойынша 94 ауылда денсаулық сақтау нысандары бар. Бұл қалған ауылдарда қызмет көрсетілмейді деген емес. Яғни, қызметтер жалға берілетін үй-жайларда көрсетіледі, – дейді басқарма басшысы.

Ауылдық жерлер спорт нысандарынан да құралақан емес. 295 ауылда спорт нысандары бар. Одан бөлек, 125 ауылда пош та байланысы бөлімшесі болса, 145 ауылда учаскелік полиция пункттері, 28 ауылда өртке қарсы қызмет бөлімшелері жұмыс істейді.

Татьяна Аблаева барлық қаржыландыру көздері есебінен 2023 жылы ауылдарды дамытуға 60,8 млрд. теңге бөлініп, 794 жоба іске асырылғанын айтады. Ал, биыл 555 жобаны іске асыруға 68,8 млрд. теңге қарастырылған. Атап айтқанда, 129 əлеуметтік, 62 көліктік, 47 инженерлік инфрақұрылым, 21 қоғамдық жəне экологиялық қауіпсіздік жобаларын іске асыру жоспарлануда.

Татьяна Юрьевна білім саласына да тоқталды. Айтуынша, өңірлер арасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында облыста екінші жыл қатарынан ауыл мектептерін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

– Биыл облыстың ауылдық елді мекендерінің 29 мектебінде жаңғырту жұмыстары жоспарлануда. Апатты мектептерді жою бойынша Қарқаралы ауданының Талды ауылында жəне Бұқар жырау ауданының Новостройка ауылында мектептер құрылысы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 1500 орындық 5 мектептің құрылысы аяқталады, – деді Татьяна Аблаева.

Басқарма басшысы ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту үшін 2023 жылы 20 фельдшерлік-акушерлік пункт салынғанына да тоқталды. Əлбетте, жұмыстар мұнымен тоқталмақ емес. Биыл 78 медицина нысаны салынып, 12 ұйымда күрделі жөндеу жүргізіледі. Тіпті, жақын маңдағы ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін медициналық қызметтер көрсетудің қолжетімділігін жақсарту үшін Теміртау жəне Балқаш қалаларында ауданаралық орталық ауруханалар ашу жоспарда.

Ауылды сапалы сумен жабдықтау да жолға қойылған. Өткен жылы 342 шақырым су құбыры желілері салынып, қайта жаңартылуы ауылдарда сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті 93,6%-ға арттыруға мүмкіндік берген.

Осы орайда Ермағанбет Қабдулаұлы ауыл тұрғындарымен кездесу барысында сапалы ауызсумен қамту мəселесі жиі көтерілетініне тоқталды. Бұл туралы облыстың энергетика жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев айтып берді.

– Өткен жылы 342 шақырым су құбыры желілері салынып, қайта жаңартылды. Сəйкесінше, сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу 93,6 пайызға жетті. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, көрсеткішті екі пайызға арттырамыз. Яғни, 96 пайызға жеткіземіз деген меже қойып отырмыз. 2025 жылға қарай ауыл тұрғындарын 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету жоспарда, – деді Тілектес Досаев.

Облыс басшысы жылуға қатысты мəселелерді шешу керектігін де айтты. Атап айтар болсақ, Осакаров ауданының Молодежный кентіндегі қазандық ескірген, жабдық тозған. Осыған байланысты, жылу беруде кедергілер болған.

Аудан əкімінің орынбасары Ержан Теміров жағдай бақылауда екенін айтады. Ал, құрылысқа мамыр айында кірісу жоспарда.

Ауылдық жерлердегі проблемалардың бірі – медицина кадрлардың жетіспеушілігі. Облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенованың мəлімдеуінше, ауылдық жерлердің барлығы медициналық қызметпен қамтылған. 7 аудандық, 4 ауылдық аурухана, 60 дəрігерлік амбулатория, 47 фельдшерлікакушерлік пункт, 143 медициналық пункт бар. Ауылдарда 361 дəрігер мен 1 500 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.

– Облыста кадр жетіспейді. Биыл медицина кадрларын тарту мақсатында барлық жоғары оқу орындарымен меморандумға отырдық. Одан бөлек, Қырғызстан Республикасына да шықтық. Бізде терапевтер жетіспейді. Сондықтан, кадр тарту мақсатында көтерме қаржыны 8 млн. теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл жақсы көмек болмақ, – деді Бибігүл Төлегенова.

Облыстың ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету жəне архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий өңірдегі жағдайға қатысты ақпарат берді. Айтуынша, 221 ауыл бүгінде интернет желісімен қамтылған. Ал, интернетке қосылмаған қалған ауылдарды да төрт жолақты интернетке қосу үшін Beeline операторымен жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін аудан əкімдерімен келіссөздер жалғасуда. Қарқаралы ауданы болса, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға кірісіп те кеткен. Бұл ретте Константин Павлович аудан əкімдеріне құжат дайындаудағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Одан бөлек, биыл облыста 450 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Ал, əлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа тетіктер əзірленуде. Ол үшін 1012 үйді сатып алуға бюджетке қосымша сұраныс та жасалғанын айтты облыстың құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы басқармасының басшысы Мұрат Мағзин. Бұл аудандар бойынша кезекте тұрғандар санына қарай бөлінеді.

Облыс əкімі жиналыс соңында ауылдық аумақтардың дамуына тұрақты мониторинг жүргізуді, əлеуметтік жəне инженерлік инфрақұрылымды жүйелі жақсартуды жалғастыруды тапсырды.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button