Медициналық сақтандыру қоры облыстық медициналық мекемелерге 9,9 млрд теңге аударды
Медициналық сақтандыру қоры 2020 жылдың 1 жартыжылдығында Қарағанды облысының медициналық мекемелеріне 9,9 млрд теңгеден астам қаржы жіберді. Бұл сома МӘМС пакетінде медициналық көмек көрсеткені үшін аударылды.
2020 жылдың 1-жартыжылдығының қорытындысы бойынша медициналық сақтандыру қоры МӘМС пакетінен Қарағанды облысының медициналық ұйымдарын қаржыландыруға 9,9 млрд. теңгеден астам қаражат бағыттады. Оның ішінде 2,5 млрд теңгеден астамы – аймақтағы стационарларда азаматтарға көрсетілген медициналық көмектің төлемі. Консультациялық-диагностикалық көмек, оның ішінде КТ, МРТ, УДЗ, зертханалық зерттеулер мен мамандардың консультациялары үшін шамамен 2,8 млрд теңге аударылды.
Сондай-ақ, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында 2020 жылдың 6 айында Қарағанды облысының 6,5 мыңға жуық тұрғыны медициналық оңалту бойынша көмек алды. Облыс емханаларында, клиникаларда және оңалту орталықтарында оңалту қызметтерін көрсеткені үшін Қор жарты жыл ішінде 890 млн теңге аударды.
– Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында енгізілген карантиндік шараларға байланысты жоспарлы түрде медициналық көмек көрсетуге шектеу қойылды. Тамыз айында еліміздің клиникаларында жоспарлы медициналық көмек қайта жанданды, сондықтан 2-ші жартыжылдықта МӘМС жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтер бойынша көрсеткіштердің өсуі күтілуде, – деп түсіндірді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев.
Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметі.