Жаңалықтар

Қарағанды-Балқаш автожолы мерзімінен бұрын пайдалануға беріледі

Қарағанды – Балқаш автожолы мерзімінен бұрын пайдалануға берілетін болды. «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының тікелей эфирінде сөйлеген сөзінде осындай жаңалықпен бөлісті.

– Қарағанды-Балқаш автожолының арасы – 363 шақырым. Қазір онда толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз келесі жылдың соңына дейін ол жолды аяқтаймыз. Бәлкім ұсақ-түйек жұмыстар қалуы мүмкін, – деді Ұлан Әліпов.

Компания басшысының айтуынша аталған жолды жоспар бойынша 2023 жылдың мамыр айында аяқтау көзделген.

– Бірақ қазір жұмысты жеделдетіп, келесі жылдың соңына дейін аяқтайық деп отырмыз, – деді ол.

Еске сала кетсек бұған дейін Ұлан Әліпов «Нұрлы жол 2» бағдарламасы бойынша қызу жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлім еткен еді.

– Биыл біздің елде жөндеу жұмыстарымен 4 мың шақырым жол қамтылды. Жалпы «Нұрлы жол – 1» және «Нұрлы жол 2» бағдарламасы бойынша жоспарды орындап келеміз. Яғни 2015-2020 жыл аралығында «Нұрлы жол – 1» бағдарламасы бойынша жұмысты аяқтап, 13 мың шақырым жолды қайта жөндеуден өткіздік. 8 мың шақырым жолды І және ІІ санатты жолдардың қатарына енгіздік. Биылдан бастап «Нұрлы жол – 2» бағдарламасы басталды, – деп атап өтті Ұлан Әліпов.

inform.kz

Басқа материалдар

Back to top button