Оттегі концентраторлары жеткізілді
«Біз біргеміз» акциясы шеңберінде облыстың медицина мекемелері оттегі концентраторларын алды.
Қайырымдылық қорлардың көмегімен сатып алынған 78 оттегі концентраторлары жеткізілді. «COVID-19»-бен ауырғандарды емдеу үшін қажетті жабдық Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерінен қабылданып, ауруханаларға берілді.
17 оттегі концентраторлары «DAULETTEN» қайырымдылық қоры арқылы, алтауы «Айдың нұры» қоры арқылы сатып алынды. Көбісі аудан ауруханаларына жөнелтілді. Жабдықты Қарағанды, Шахтинск, Теміртау, Саран қалаларының медицина мекемелері де алды.
«Мұндай қиын уақытта қолдарын созып, көмекке ұмтылған адамдар бары қуанышты жағдай. Қол ұшын созған барша жандарға алғысымызды айтамыз. Бұл медициналық жабдық қаншама адамның денсаулығын сақтап, өмірін құтқаруға көмектеседі», – деп атап өтті аудан ауруханаларының өкілдері.
Аталмыш акция барысында өткен шілде айында Қарағандыға жеті аппарат жеткізілген-тін.
Қаражат жинау үшін «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі ашылғанын айта кеткен жөн.
Өз тілшімізден.