ҚР Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып бекітілді. Бұл – халықтың Абайдың шығармаларын оқып-білуге жаппай ден қойғанын білдіреді. Осы жаңа мерекеге орай жазылған Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Абай – рухани реформатор» атты мақаласын мұқият оқып шықтым.
Мақала өте жинақы әрі тұщымды жазылған екен. Еліміздің дамуы үшін Абайдың шығармалары бізге ауадай қажеттігі, әр қазақстандық көштен қалғысы келмесе, Ұлы Дала данышпанының салиқалы ойларына бой түзеуі керектігі баса айтылыпты. Өте құптарлық жайт. Шындығында қазір бізге той тойлап жүретін кез емес. Еңбекке қабілетті, өндіруші мемлекетке айналуға тиіспіз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан, біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді» деп, ел көкейіндегіні тамыршыдай дөп басты. Санасы ояу әр азамат осы сөзден кейін артық сұрақпен басын ауыртпай, қорытынды шығарып, әрекетке көшері анық.
Өйткені, өнер үйренбей, кәсіпке бейімделмей несиелетіп жүрудің соңы құрдым екені көрініп тұр. Абайдың «Малыңды сарп етіп, өнер, кәсіп үйрен. Мал кетсе де, үйренгенің қалады. Өмірдің ауыртпалы кезеңіне тап болсаң, сол мал сарп етіп үйренген өнерің сені асырайды» деген мағынада айтылған ұлағатты сөзі бар. Міне, ұлы кемеңгердің бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтқан сөздерінің мәнін қиналғанда түсініп жатырмыз. Яғни, Абай – ұлт руханиятының мәңгі шырағы.
Енді, оны түсініп қана қоймай, бойымызға сіңіріп, оған амал жасау – парыз.
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
Қарағанды облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі.