АймақКоронавирусПриозерск

Ақ халаттылар алғыс алды

Приозерск қаласында ақ халатты абзал жандардың құрметіне «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы, Жастар ресурстық орталығымен қалалық «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясы өтті.

Алғыс ретінде қалалық ауруханаға дәруменге толы пакеттер жеткізді. Індетпен күресте алғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне осылайша қолдау көрсетті. Іс-шараға қатысқан «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, қала әкімі Қайрат Қамзин, облыстық мәслихат депутаты Айман Түкбаева партия тарапынан дәрігерлерге өз алғысын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

– Бүгінгі күнге дейін аяқтарынан тік тұрып, әрбір өмірге араша түсуде ерекше, қажырлы еңбек етіп келе жатқан дәрігерлерге қандай құрмет көрсетсек те лайықты. Науқастарға көңіл бөліп, қамқорлық танытып жатқан дәрігерлерге алғысымызды білдіреміз. Өздеріңіз білесіздер, медицина қызметкерлері жұқпалы аурумен күресіп, қауіптің ортасында жүр. Біздің қолдауымыз дәрігерлерді қанаттандырып, көңіліне демеу болары анық, – деді Қадиша Оспанова.

Сонымен қоса, қауіпті індетпен күресіп жүрген дәрігерлерге арналған алғыс қораптарын 18 медицина қызметкеріне табыс етті. Сондай-ақ, қала жастары оттегі баллондарын алу үшін ауруханаға 100 000 теңгені құрайтын қаржылай сертификатты тапсырды.

Медицина мамандары өз кезегінде жас отандықтарға алғыстарын айтып, жұқпалы аурумен қоғам болып күрескенде жұмыстың нәтижелі болатындығын атап өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясы алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. 

Нұрдос КӘРІМ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button