ТЖ: Іскерлер үшін тың мүмкіндік
Індет ел ішін кезген қазіргідей күрделі кезеңде мемлекет бизнестің өкпесін өшіріп алмау үшін барлық мүмкіндікті, күш-құралды жұмылдырғаны мәлім. Салықтық каникулдар, акциздерден босату, салықтық тексерістерді тоқтату, несие бойынша айыппұл мен өсімпұлдарды алып тастау сынды әрекеттер кәсіпкерлікті қолдауды көздейді. Облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна АБЛАЕВА ТЖ режимінің енгізілуімен көптеген кәсіпкерлердің дербес қосымшалар дайындап, әлеуметтік желілер арқылы жарнамалауды негізге алған жаңа қызмет көрсетуді іске қосқанын айтады.
Расында да, бүгінде кәсіпкерлер креативті ойлап, табыс табудың көздерін анықтап, уақыттың қатаң талабына бейімделе бастады. Мәселен, көптеген тігін цехтары бетперде тігуге, қайсыбір кәсіпорындар залалсыздандыру құралдарын шығаруға көшті.
– Бүгінгінің талаптарына сай бизнеске де жаңа мүмкіндіктер ашылғандығын да атап өткен жөн. Айталық, кәсіпкерлер ІТ технологияларды қолдануға, жаңа смарт-қосымшалар ойлап табуға, тұтынушыларға осы күні қолжетімді болатын нарықтың жаңа сегменттерін іздестіруге қадамдар жасалуда. Бұл арада тек қана барынша бәсекеге қабілетті кәсіпкер ұтылмайды, – дейді Татьяна Аблаева.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы арқылы жұмыс берушілердің өтініштері мен нарықта сұранысқа ие мамандықтарға қысқа мерзімді оқыту қарастырылуда. Бұған 530 млн.теңгеден астам қаражат бөлінген. 1 тамыздағы дерек қысқамерзімді оқыту курстарына 546 адам жолданғанын көрсетеді. Бұл – жоспардың 94 пайызы, яғни, аймақтың 580 тұрғыны.
Сонымен қатар, кәсіпкерлікті және отандық өндірісті қолдаудың дағдарысқа қарсы шараларын жүзеге асыру барысында ел Үкіметі арқылы шұғыл шаралардың үш пакеті дайындалған. Экономиканың зардап шеккен секторындағы шағын және орта бизнес субъектілеріне салықтық каникулдар, акциздерден босату, салықтық тексерісті тоқтату, айыппұл мен өсімпұлды жою, жалдау құнына және өзге де төлемдерге жеңілдік беру ойластырылды.
Татьяна Аблаева 2020 жылдың 15 маусымында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдаудың қосымша шаралары туралы» бұйрығы шыққанын атап өтті. Бұл құжат төтенше жағдай мен карантин кезеңінде қаржылық жағдайы нашарлаған кәсіпкерлік субъектілеріне бизнесін қолдау мақсатында қосымша шаралар ұсынуды, қаржылық жағдайды қалпына келтірудегі жоспарларды іске асыруды, кәсіпкерлікке берілген банктік қарыз және шағын несие шарттары бойынша мерзімі өткен берешекті болдырмауды көздейді.
Ал, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы берілетін несие мөлшері 6 пайыздан аспайды. Бұған дейін ол Ұлттық банктің ставкасына орай 7-8 пайыз-тын. Осы күні бағдарламада салалық шектеулер мен несиелік қолдау мөлшері алынып тасталды. Сөйтіп, несие мөлшері бір кәсіпкерге 2,5 млрд.теңгеден 7 млрд.теңгеге дейін көбейді. – Көптеген кәсіпкерлер карантин кезінде бұрынғы өздерінің жинақтаған қаржыларын жалақыға және өзге де шығындарын өтеуге жұмсады. Қазір оның орнын толтыру үшін берілетін соманың көлемі 500 млн. теңгеге дейін артты және ол қайтарымды негізде ұсынылады. Сонымен қатар, сауда қызметіндегі субъектілерге берілетін сома 100 млн.теңгені құрайды. Ісін енді ғана бастаған кәсіпкерге кепілдендірілген бағдарламада несие сомасы – 360 млн.теңгеге дейін көбейді. Мұнда несиенің 85 пайызына кепіл беріледі. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге 1 млрд. теңге мөлшерінде кепіл беріледі, ол несиенің 50 пайызы, – деді басқарма басшысы.
“Бизнестің жол картасы-2025” бағдарламасын аймақта жүзеге асыру үшін қосымша қаржыландыруды қоса есептегенде 4,2 млрд. теңге қарастырылған. Сонымен, 296 шағын және орта бизнес жобаларын қолдау жоспарланған. Бұл күнде 123 жоба қаржыландырылды. Оған құйылған инвестиция – 5,4 млрд.теңге.
Несие пайызы – 6 пайыздан аспайтын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының да тізімі кеңейді. Бағдарламаны іске асыруға Ұлттық қордан 1 трлн.теңге арналды. Биылғы жылы аталған бағдарламаның игілігін 91 отандық өнім өндіруші және шаруа қожалығы көрді. Оған бөлінген қаражат – 9,9 млрд.теңге. Былтырғы жылы 74 жоба қолдау тапқан-ды.
“Еңбек” бағдарламасы негізінде шағын несие беру де жалғасын тапты. 2020 жылы бағдарламаға 5 млрд. теңге қарастырылған. Соның нәтижесінде 1103 шағын несиені 6 пайызбен беру көзделуде. Қазіргі уақытта қалаларда 1,1 млрд.теңге шамасындағы 431 несие беріліп үлгерген екен. Ауылдарда да бұл жұмыс қарқын алды. – Сәуір айынан төтенше жағдайдан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдетілген несие берудің жаңа бағдарламасы бастау алды. Ол мақсатқа республикадан 600 млрд.теңге берілді. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 8 пайыз, оның 2 пайызы субсидияланады. Сонда 6 пайыз шығады. Мұндағы мерзім – бір жыл. Екінші деңгейлес банктердің дерегінше, 25,1 млрд. теңгенің шамасындағы 111 жоба мақұлданды, – деді Татьяна Аблаева.
Басқарма басшысы елдегі төтенше жағдайға байланысты наурыз-сәуір кезінде әрекеттегі шағын және орта бизнестің саны азайғанын, бірақ төтенше жағдай шаралары тоқтатылғанда және карантин жеңілдетілгенде бизнес қайта қалпына келе бастағанын жеткізді.
– Үш ай мұғдарында бизнестің орташа есеппен ай сайын 1 пайызға өскенін көреміз. Облыста 88,5 мың шағын және орта бизнес субъектілері бар. Жаңа кәсіпкерліктің ашылып, кейбіреуінің жабылуы – ұдайы болып тұратын үрдіс. Біреулер келеді, енді бірі кәсіпкерліктен кетеді. Мысалы, заңды тұлға негізінде жарты жылда 1249 шағын кәсіпкерлік тіркелген. Алдыңғы үштікте онлайн-сауда, азық-түлікті және тауарды жеткізіп беру қызметі тұр. Онлайн-білім беру, спорт және денсаулық сақтау да күшейіп келеді, – дейді басқарма басшысы.
Наталья ФОМИНА,
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.