120 адам індет жұқтырған

Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны жайлы мәлімет көңілді көншітпей тұр. Алдыңғы үштікке кірмесек те, инфекцияны таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия ұсынған өткен тәулікте жұқтырудың жаңа жағдайы – 120. Бұл бер жағы, ал ауру белгілері білінбей, тасымалдаушылар қатарын толықтырып жүргендер саны қанша екені тіпті, беймәлім.

Індет жаһандық деңгейге шықты. Жанталаса дабыл қаққан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай дейді. Жарты жылдың өзінде коронавирус инфекциясын жұқтырған 10 миллионнан астам жағдай тіркелсе, соңғы екі аптада 1 миллионнан астам адам осы індетті жұқтырған.

Қазақстан қазір жұқтыру жағдайы бойынша әлемдік статистикада 31-ші орында. Яғни, COVID-19 жұқтырудың 54 747 жағдайы тіркелген. Бұл жұқтырғандардың жалпы санының 0,44%-ын құрайды.

Президенттің пәрменді тапсырмасынан кейін облыс дәріханаларына дәрі түсе бастады. Ресми деректер осындай дәріханалардың атауын жазып, хабар берген болатын.

Қаланың Оңтүстік-Шығысындағы дәріханалардың бірқатарына парацетамол, аспирин тәрізді ыстықты түсіретін, сондай-ақ қабынуға қарсы антибиотиктердің келіп түскенін, бірақ, соған қарамастан, бір сағаттың ішінде сатылып кеткенін айтып отыр.

Бір қолға екі данадан ғана сатқан күннің өзінде бір демде сатылып кеткен дәрілердің түсірілімін тағы күтіп отырмыз дейді олар.

Одан бөлек, дәріханалық қоймаларға да ыстықты түсіретін дәрілік препараттар келіп түскен. Сондай-ақ, кейінгі кезде қат болып кеткен кең спектрлі антибиотик – цефтриаксон да пайда болды. Жақын күндері Азитромицин әкелінеді деп күтілуде.

Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті қарағандылықтарға емдеуші дәрігермен кеңескеннен кейін ғана дәрілік заттарды сатып алу қажеттілігі туралы ескертеді.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, дәрі-дәрмектер Жекібаев көшесі 142 үй, Дружба көшесі, 121 үй, Победа көшесі, 61 үй және Мұқанов көшесі, 9 үй мекен-жайындағы дәріханаларға түсті.

Облысымызда нақты тіркелген ауырғандар саны – 5790. Ал, 3730-ы індетті жеңген екен. Қайтыс болғандар саны 38.

Өз тілшімізден.