Қазір кеншілер қаласындағы пробация (бас бостандығынан айырмай жазаланғанды арнайы бақылау – авт.) қызметінде 150 азамат тіркеуде тұр. Жыл басында олардың қатары 205 еді, жаза өтеу тәртібін бұзған 9-ы түзеу мекемесіне жіберілді, сот үкімі жүктеген міндетті мінсіз орындаған басқасы мерзімінен бұрын есептен шығарылды.
Шалыс басып, істі болған адамды әлеуметтік сауықтыру – қоғам үшін қайырлы қарекет. Абақтыда жазасын өтеп қайтқан және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматты жұмысқа орналастырумен қатар, қайта қылмыс жасауына жол бермеу – күн тәртібіндегі келелі мәселе. Бүгінде сол есепте тұрған тұлғаны қоғамға бейімдеу бағытында түрлі игі шара жүзеге асырылуда.
– Пробация қызметі жазасын оқыс оқиғасыз өтеп жатқан азаматты шартты түрде мерзімінен бұрын босату үшін сотқа қолдау хат жолдайды. Ал, жазасын өтеу барысында тәртіп бұзса, жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыруға да ықпал ете алады. Бәрі заң аясында, соттың үкімімен жүзеге асырылады, – дейді Сәтбаев қалалық пробация қызметінің басшысы Ахат Полат.
Жалпы жазасын өтеген және есепте тұрған адамға мекеме немесе кәсіпорын көмегімен әлеуметтік жәрдем жасау мүмкіндігі көзделген. Қала әкімдігінің қаулысымен 5 жұмыс орнына квота қарастырылған. Жазасын өтеп оралған адамның материалдық-тұрмыстық жағдайы жіті зерттеліп, жәрдемақы түрінде әлеуметтік көмек алу тәртібі түсіндіріледі, жұмысқа тұруына ықпал жасалады.
Жыл басынан бері 24 адам жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы санатындағы 8 азаматқа «Қамқор» әлеуметтік қолдау орталығы арқылы бір мәрте көмек көрсетілді. Пробация қызметі жазасын өтеушінің қайта қылмыс жасамауы, қылмыстың алдын алу мақсатында ұдайы профилактикалық жұмыс жүргізіп отырады.
Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,
журналист.
СӘТБАЕВ қаласы.
Суретте Ахат ПОЛАТ.
Суретті түсірген автор.