Коронавирус

Автобустарға – айрықша талап

Қарағандыда автобустардың санитарлық талаптарға сай болуын тексеру жұмыстары басталды. Алғашқысы Майқұдық автостанциясында жүргізілді. Енді, бұл жұмысты арнайы құрылған мобильдік топтар күн сайын атқарады. Топтардың құрамында қала әкімдігі, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, прокуратура, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері және басқа да сала мамандары бар.

Мобильді топтар барлық бағыттағы автобустардың соңғы аялдамаларында кезекшілік етеді. Тексерістер жүргізілетіні туралы автопарк қызметкерлеріне алдын ала хабарланбайды.

– Алдымен кондукторлар мен жүргізушілердің бетперде және қолғап киюін қадағалаймыз. Әр айналымнан соң санитарлык өңдеу жүргізілетіні тексеріледі. Тазалық жұмысы барысында орындықтар, тұтқалар, ұстағыштар дезинфекциялау құралдарымен залалсыздандырылуы тиіс. Мүмкіндігінше едендер мен терезелер сүртілуі керек. Сондай-ақ, есік-терезелерді ашып, салонды желдету қажет, – деп түсіндірді Қарағанды қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ескендір Қабидолла.

Жүргізушілер мен кондукторлардың, жолаушылардың бұл қоғамдық талап жайлы ой-пікірлері әртүрлі.

– Шынымды айтсам, сақтық шараларына назар аудармаппын. Бірақ, автобустардың іші – таза. Кондукторлар мен жүргізушілер бетперде тағып, қолғап киіп жүреді. Бізге де бұл талапты орындау керектігін ескертеді. Жуырда бетперде тағудан бас тартқан жолаушыны түсіріп кетті. Індеттен құтылу үшін осы шараларды жалғастыруды қолдаймын, – дейді студент Вера Беляева.

Мамандар егер, талаптар сақталмаса, жаза қолданылатынын айтады.

– Талаптар орындалмаса, алдымен полиция қызметкерлері түсініктеме алады. Сосын барлық дәлелді бізге жібереді. Біз оны мұқият қарап шығып, хаттама толтырып, істі сот қарауына жібереміз. Тәртіп бұзушылық тағы қайталанса, автопарк уақытша жабылады, – дейді Қарағанды қаласы Октябрь аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Галина Юсупова.

Ал, Ескендір Қабидолла мұның уақыт сұранысынан туындаған төтенше шаралар екендігін айтады. «Автопарктердің талаптарды бұлжытпай орындайтынына сенімдіміз. Егер, біз белгілі себеппен олардың бірінің қызметін уақытша тоқтатсақ, онда осы кезеңде автопарктің маршруттары басқаларына беріледі. Қалай да, жолаушы тасымалдау жұмысын тоқтатпауға тиіспіз, – деді ол.

– Бетпердені шешпейміз. Бұл өзіміз үшін де, жолаушылар үшін маңызды. Індетпен бірігіп күресу – міндетіміз. Тазалауға қажетті дүниелермен автопарк қамтамасыз етіп отыр, – дейді М 423 СZ нөмірлі №44 автобустың жүргізушісі Айдос Қызылбай.

Қазір Қарағандыда күн сайын 350-400 автобус тиісті бағдарлар бойынша жолға шығады. Олардың санитарлық талаптарға қаншалықты сәйкес келетінін алдағы тексеру жұмыстары көрсететін болады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button