Облыс әкіміРесми

Аймақ экономикасында өсім бар

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баяндама жасады. Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы оң бағаға ие болды. Қарағанды облысы көптеген көрсеткіштер бойынша жоғары өсу қарқынымен алдыңғы орындардан көрінді.

Облыста төтенше жағдай және карантин кезеңінде іскерлік белсенділік төмендеген жоқ. Аймақ экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Бес ай ішінде өнеркәсіп көлемі 1 трлн. теңгеден асты. Облыста жұмыспен қамтуды қолдау шаралары екпінмен жүзеге асырылуда.

– Биылғы жылдың бес айының қорытындысы бойынша облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің оң серпіні қамтамасыз етілді. Өнеркәсіпте (103,2%), ауыл шаруашылығында (102,8%), құрылыста (124,9%), көлік саласында (77,4%), саудада (88,7%) ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бар. Өнеркәсіптің нақты көлем индексі 103,2%-ды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға жоғары, – деді Жеңіс Қасымбек.

Өңдеу өнеркәсібі барлық сала бойынша өсімді көрсетіп отыр. Металлургия өндірісінің көлемі 7,7%-ға, машина жасау – 14,1%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 10,6%-ға, құрылыс материалдары – 1,6%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдары – 26,3%-ға, фармацевтика – 3,8 есе өсті.

Дағдарыс жүйе құраушы кәсіпорындардың қызметіне әсер еткен жоқ. Ірі компаниялар тұрақты жұмыс істеуде.

– «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жалпақ прокат шығаруды 13,1%-ға арттырды. 5 айда өндіріс 945,2 мың тоннаны құрады. Болат шығару саласында да өсу үрдісі байқалды. Егер, наурыз айында тәулігіне 7 мың тонна өндірілсе, маусым айының басынан бері 9 мың тонна өнім өндірілді, – деп хабарлады облыс әкімі.

«Қазақмыс» корпорациясы бес айда 163,4 мың тонна мыс өндірді. Өсім 17%-ды құрады. Сондай-ақ, алтын мен күміс өндірісі ұлғайды.

Облыс инвестициялық белсенділікті сақтап қалды. Жыл басынан бері инвестиция ағыны 220,6 млрд. теңгені құрады. «Алтыналмас» алтын өндіру фабрикасы және «Линде Газ» техникалық газ өндіру зауыты секілді екі ірі жоба жүзеге асырылды.

Маусым айының соңына қарай Ақадыр кентінде күн электр станциясы іске қосылуы тиіс.

Жыл соңына дейін облыста 3 500-ден астам жұмыс орнын құруды қамтамасыз ететін 239 млрд. теңге сомасына 16 жобаны іске қосу жоспарлануда. 2020 жылдың соңында өткен жылмен салыстырғанда 30 млрд. теңгеге өсіммен 830 млрд. теңге инвестиция жұмылдырылады деп болжануда.

Облыста қолжетімді тұрғын үй құрылысы да ұлғайды. Бес айда 171,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2020 жылы өткен жылдың деңгейіне қарағанда 21% өсіммен 500 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button