Бас тақырыпБасты тақырып

БАЛА БОЛАШАҒЫ – қоғамның асыл мұраты

Өткенде ауруханада жатқан бір кісінің «Баламның болашағы үшін атына депозит ашып қойғанмын. Әзірге ол оны білмейді» дегенін естідім. Әрине, ата-анаға баласының мектеп бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдап, диплом алған сәтін көру – басты мұрат. Бірақ, жоғары оқу орындарының «400 000 теңгеден басталатын оқу ақысын 4 жыл төлеуіңіз керек» дейтін талабы кей әкені кәдімгідей қинайтыны рас. Қаржы мәселесі қолбайлау болатындықтан, көкөрім жастардың көпшілігінің университетте оқу мүмкіндігі жоқ. Бейресми деректер елімізде студенттердің 75 пайызы ақылы негізде оқитындықтан, басым дені несие алуға мәжбүр екенін айтады. Жалпы, баланың біліміне деп несие алудың қажеттілігі бар ма? Бұл сауалға қаржы орталығының мамандары «жоқ» деп жауап береді. Өйткені, баланың болашағын шығынсыз жоспарлауға мүмкіндік беретін «Білім депозиті» бар екен. Тек, ақшаны жоспарлы жинауға машықтануыңыз – жеткілікті.

«AQYL» – СЕНІМДІ ДЕПОЗИТ

Білім беру депозиті алғаш елімізде 2013 жылы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заңы аясында жұмысын бастаған. Білім саласындағы жинақтау салымдарына «AQYL» атауы беріліпті. «Қаржы орталығының» президенті Асқар Ыбырайымовтың айтуынша, депозит аясында берілетін мемлекет сыйақысына табыс түрі ретінде салық салынбайды. Себебі, білім беру депозиттері 10 млн. теңгеге дейінгі сомада мемлекет тарапынан «Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-мен сақтандырылған. Бұл – қаражатты жоғалту немесе оған тыйым салу шараларынан қауіптенбеуге болады деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет атынан Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ-ның 100% кепілдігімен банктен білім беру несиесін алуға мүмкіндігі бар.

– Ел заңнамасындағы өзгерістердің арқасында білім берудегі жинақтау салымдары үшінші тараптан қандай да бір тыйым салулар мен өндіріп алудан толық қорғалған. Сондай-ақ, мемлекет сыйақысы – табыс түрі ретіндегі салықтан босатылған бірден-бір депозит, – дейді «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ыбырайымов.

Жалпы елімізде «AQYL» депозитіне 20 мыңнан астам салымшы тіркелген. Оның ішінде, Қарағанды облысындағы салымшылар саны – 2 414.

«Қаржы орталығында» салымшылар жөніндегі ақпарат құпия мәлімет саналатындықтан, мамандар оны көрсетуден бас тартты. Бірақ, біз мәселені зерттей келе, бала болашағына бей-жай қарамайтын қарағандылықтарды жылдам таптық. Үш бала тәрбиелеп отырған Болат пен Айгүлдің отбасы баласының атына білім депозитін ашып қойыпты.

– Ай сайын 15 000 теңгеден салып отырамыз. Ол ақша күнделікті өмірде былай да жұмсалып кете береді ғой. Мысалы, тойға беретін шашуың деген сияқты. Балаларымызды шетелде оқыту ойда бар, депозитті сол үшін ашқанбыз, – дейді Айгүл.

«Қаржы орталығы» мамандарының айтуынша, егер олардың баласы мемлекеттік грантқа ие бола қалса, қордағы жинақтаған қаражатын мемлекет сыйақысымен бірге, өз қалауынша жұмсай алады.

СЫЙАҚЫ ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?

Банктің сыйақысынан бөлек, «AQYL» депозитіне жыл сайын жинақталған соманың 5-7 пайыз (әр банкте, тиісінше, әртүрлі) мөлшеріне тең ақшалай баламада мемлекет сыйақысы қоса есептеліп тұрады. Оның мөлшері салымшының әлеуметтік жағдайына қарай беріледі. Көпбалалы немесе тұрмысы төмен отбасынан болса, сыйақы пайызы жоғары болады. Бұл аталымдарға келмейтін салымшыға 5 пайыз тағайындалады. Мемлекет сыйақысы бір жылға 100 АЕК-тен аспайды. 2019 жылы оның жоғары мөлшері 252 500 теңгені құраған.

– Мысалы, ата-аналар 7 жасар баласы үшін білім депозитін ашып қойды делік. Бала орта мектепті бітіргенге дейін олар шамамен 12 жыл бойы жаңа жүйе бойынша ақша жинай алады. Бастапқы жарна 8 283 теңгеден болса, әрі қарай ата-ана ай сайын 15 000 теңгеден салып отырады. Банктің депозит бойынша сыйақысы жылына 10% болса, мемлекеттің сыйақысы – 5%. Жинақтау мерзімінің соңында, яғни, бала 17 жасқа толған кезде салымның жалпы сомасы 5 млн. 700 мың теңгені құрайды. Оның ішінде баланың ата-анасының қаражаты – 2 млн. 160 мың. теңге. Ал, банктің сыйақысы – 2 млн. 200 мың теңге болса, мемлекеттің сыйақысы – 1 млн. 320 мың теңге көлемінде. Басым санаттар үшін мемлекет сыйақысының үлесі одан да көп болады, – дейді «Қаржы орталығының» президенті.

БАСҚА МАҚСАТҚА ЖҰМСАУ МҮМКІНДІГІ БАР

Жалпы білім депозитінің мерзімі 3, 5 және 10 жылды құрайтындықтан, мерзімді ұзартуға мүмкіндік көп. Алайда, мемлекет сыйақысының 20 жыл ғана төленетінін естен шығармаған дұрыс. Сондай-ақ, жинақталған қаражатты басқа мақсаттарға (оқудан басқа) жұмсауға да болады екен. Бұл жағдайда бастапқы жарнадан бөлек мемлекеттің сыйақысы салымшыдан тегіс қайтарып алынады.

Бейресми деректерге сүйенсек, қазақстандық «AQYL» депозиті секілді жобаның баламасы әлемнің тоғыз мемлекетінде ғана бар екен. Осы көрсеткіштің өзі Қазақстанда жас ұрпақтың болашағына мемлекеттік деңгейде оң көзқарастың орныққанын айғақтайды.

Мұғалімдердің «өмір бойы оқисың» дегеніндей, жастардың заман талабына сай білім алуы, кәсіп меңгеруі – қай кезде де өзекті. Баласының болашағына бей-жай қарамайтын ата-аналар мұны жақсы түсінеді. Білім алу ақылы негізде болған заманда сіз де қаржыны жоспарлы түрде жинауға кіріскеніңіз жөн.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button