11 мың бала демалады
Балалардың жаз мезгіліндегі қауіпсіздігіне ата-ана ғана емес, жергілікті атқарушы органдар да алаң. Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасынан кейін аталған мәселе жіті назарда. Маусымның басында аймақ көлеміндегі мектеп жанындағы және сауықтыру балалар лагерьлері жұмысын бастады. Бұл кезеңде барлығы 508 балалар лагері, 37 аула клубы жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, қала сыртындағы лагерьлердің де жұмысы осы аптадан бастау алмақ.

Білім басқармасының мамандары 11 мыңға жуық бала қала сыртындағы лагерьлерде демалады деп жоспарланғанын айтты.
– Қазір маусымның ашылуына дайындық жүргізілуде. Облыс көлемінде 12 қала сыртындағы лагерь бар. Соның ішінде, ерекше форматтағы Ақтоғай ауданында тау баурайында орналасқан «Жас турист» киіз үй лагері де бар. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 970 ауыл баласы «Жаздық жолдама – 2025» жобасы аясында Алматы облысындағы сауықтыру орталықтарына барады. Қазіргі уақытта Қарағанды облысында 288 тамақтанумен қамтылған мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, 311 бейінді алаңда балалар техникалық, спорттық және шығармашылық қабілеттерін дамытып жатыр. Мектеп жанындағы лагерьлердің маусымы 10-12 күнге созылады, ал, қосымша білім беру ұйымдарында – бір ай. Сонымен қатар, облыс орталығында 37 аула клубы жазғы жұмыс кестесіне көшті. Оларда жаз бойы турнирлер, фестивальдер мен демалыс күнгі клубтар жоспарланған, – деп мәлімдеді облыстық білім басқармасы бөлімінің басшысы Ақерке Дәулет.
Қарағандыдағы №2 Оқушылар сарайы оқушылардың сабақ уақытында ғана емес, демалыс кезінде де баратын орнына айналған. Оның директоры Шариза Алтынбекова мұндағы жазғы лагерьге тек оқу жылы кезінде келген балалар ғана емес, кез келген бала қабылданатынын айтты. Қазірдің өзінде 480-500 бала күнделікті сағат 09:00-ден 12:00-ге дейін келіп жүр.
Арнайы кабинеттерде түрлі құрал-жабдықтар жетерлік. Бір жерде өрт қауіпсіздігі ережелерін үйретсе, бір жерде балалар сурет салып жатыр, тағы бір кабинетте дойбы мен шахмат ойнап отыр. Билеп жатқан бір топ баланы да көзіміз шалды. Шахмат үйірмесіне қатысатын 70 шақты бала 19-24 маусым аралығында өтетін қалалық шахмат турниріне дайындық үстінде.
– Бізде кең көлемді жазғы бағдарлама әзірленген. Шығармашылықтан бастап, интеллектуалдық бағытқа дейін қамтылған. Балалар үшін демалыс пайдалы әрі қызықты болсын дейміз. Балалар қуана келеді, ата-аналармен үнемі байланыстамыз – олар жаңа идеялар ұсынып, біз ескеріп отырамыз. Жазда шамамен 500 бала қабылдауды жоспарладық, қазір 480 бала келіп жүр. Келушілерді жасына қарай 3 топқа: 5-6 жастағы, 7-9 жастағы және 10-12 жастағы деп түстерге бөлеміз. Танымын дамытатын логикалық ойлар, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, қазақ хандығы, монополия, үстел үсті ойындары балалардың қызығушылығын тудырады. Оқу жылы кезінде мұнда 80 үйірме жұмыс істесе, қазіргі уақытта 27 үйірме істеп тұр, – дейді Шариза Далабайқызы.
Оның айтуынша, Оқушылар сарайының жазғы демалыс лагері тамыздың ортасына дейін жұмыс істейді. Келем деген баланы ата-анасының өтінішімен ештеңеге қарамастан қабылдайтынын, барлығына жағдай жасауға әзір екенін жеткізді. Сарайдағы барлық үйірме балалар үшін тегін.
№19 жалпы білім беретін мектеп жанындағы лагерь алғаш рет жұмыс істеп жатыр. Мектептің өзі өткен жылы Білім күнінде ашылған болатын. Мектеп психологы әрі «Балдәурен» лагерінің меңгерушісі Айзада Тахаеваның айтуынша, лагерьге тек осы мектеп оқушылары – 186 бала қатысуда. Алғашқы жазғы демалыс кезінде мектеп басшылығы лагерьді бастауыш сынып оқушыларына ғана ұйымдастыруды ұйғарыпты. Алдағы жылдары орта буынды да қамтуды жоспарлануда.
– Балалар қуана келіп жүр. Бұл – ең маңыздысы. Біз олардың қызығушылығын ескеріп, жалықпайтын, көңілді орта қалыптастыруға тырыстық. Лагерьде шығармашылық, спорттық, зияткерлік және сауықтыру бағыттары бар. Бағдарламаны бүкіл ұжыммен құрдық, ата-аналардың ұсыныстарын да ескердік. Балалар лагерьде таңғы 9-дан 12-ге дейін болады, бассейнге апарамыз, спорттық ойындар өткіземіз, хайуанаттар бағына және басқа да мекемелерге экскурсиялар жасаймыз. Біздің ниет – балаларымыздың жаңа әсер алып, есте қаларлық жақсы демалысын ұйымдастыру, – деді Айзада Тахаева.
Балалардың біршамасы мектеп ауласында спорттық шараларға қатысып жатса, бірнеше топқа бөлінген тағы біразы мектеп ішінде сурет салып, қолөнермен айналысады екен. Олар мектеп жанындағы лагерьде ай соңына дейін жүре алады. Себебі, лагерь жұмысы бір айға жоспарланған.
Аула клубтары жыл он екі ай жұмыс істегенімен, нағыз қызатын уақыты – жазғы демалыстар кезі.
Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Берік Досымбеков аула клубтарының жұмысы туралы кеңірек айтып берді. Аула клубтары, әдетте, балалардың тұрғылықты мекенжайына жақын орналасады және кез келген бала оларға тегін қатыса алады. Жазғы кезеңде спорттық және шығармашылық үйірмелерде арнайы бағдарлама әзірленген.
– Балалар үшін түрлі тақырыптағы кездесулер, батпырауық фестивальдері және 800-ден астам ішкіклубтық шаралар жоспарланған. Жазғы демалыс кемінде 12 мың бала мен жасөспірімді қамтуға тырысамыз. Сұрыптау станциясындағы «Локомотив» стадионында үлкен жұмыс атқарылды. Онда жазғы лагерь жөнделіп, шілде-тамыз айларында әлеуметтік осал топтардан шыққан 160 бала қабылданбақ. Тұру – тегін, күніне бес мезгіл тамақ беріледі, экскурсиялар, бассейнге бару және басқа да қызықты іс-шаралар жоспарланған. Жаңашылдық ретінде лагерьде ұялы телефонға шектеу енгіздік. Бұл балалардың гаджетке тәуелділігін азайту үшін ұсыныс ретінде қарастырылды. Қарапайым телефон ұстап баруына рұқсат, – деді Берік Досымбеков.
Баласын аула клубына бергісі келетін ата-аналар оларды тұрғылықты мекенжайы бойынша таба алады. Толық ақпарат Қарағандыдағы «Шахтер» стадионының жанында орналасқан Аула клубтары орталығында. Аула клубтарына қатысу – тегін. Клуб қатысушылары Майқұдықтағы Г.Головкин атындағы ФОК бассейніне және «Локомотив» спорт кешеніне де тегін бара алады. Аула клубтары жазда сағат 12:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.
Қалалық «Мир» және «Астана» аула клубтарында қызу тіршілік. Екеуі «Таир» сауда үйінің қатарында бір аулада орналасқан. Айта кетерлігі, «Мир» қызығушылықтар клубы болса, «Астана» шығармашылық бағытты ұстанады. «Мирде» жасы төмен балалар басым. Олар үстел теннисі, шахмат, дойбы, үстел ойындарын ойнап, сурет салады. Ал «Астана» клубының қатысушылары – жасөспірімдер. Мұнда балалар спектакльдер қоятын шағын театр залы бар. Біз барғанда алда жоспарланған қойылымдарға дайындық жүріп жатты. Оны кез келген адам келіп тамашалай алады.
«Астана» аула клубының жетекшісі Людмила Сафонова бұл жүйеде 2011 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ал, осы клубта алты жылдан бері жүр. Оның айтуынша, клубқа 120-дан астам адам келеді, көбісі жақын маңда тұратындар. Клубта 18-ден 56 жасқа дейінгі ересектер тобы да бар.
– Мұнда сурет студиясы, театр студиясы және қаладағы жалғыз сән театры бар. Балалар көп келеді. Мысалы, спектакльдерге көп костюм қажет – оларды өзім тігемін, бірақ бәріне үлгере бермеймін, сондықтан, киім пішу және модельдеу үйірмесін аштым. Бізге тігін машиналарын алуға көмектесті, осылайша негізгі бағыттармен қатар, жаңа үйірмелер де ашылып жатыр. Балалар демалып қана қоймай, жаңа білім де алуда. Жазғы уақытта көптеген бос уақыт бағдарламасы өтеді. Біздің театр студиясының түлектері жиі осы бағытта оқуларын жалғастырып, өнер бағытындағы жоғары оқу орындарына түсіп, мамандықтары бойынша жұмыс істейді, – дейді Людмила Сафонова.
Аула клубының баланың бос уақытын тиімді өткізуге ғана емес, болашағын адаспай табуына да ықпал ететіні қуантады. Осындай орындарда бала танымын арттырып, жан-жақты дами түседі, жаңа қызығушылықтары пайда болуы мүмкін. Ана-аналар қазіргі баланың дамуына барлық жағдай жасалған уақытта оны барынша пайдаланып, үлгеріп қалуға тырысқаны жөн.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»