Берекелі өмірдің бір белгісіне айналған «Мерейлі отбасы» сайысы – бақытты балалық шақ пен алаңсыз қарттықтың нышаны. Ал, үлгілі отбасы – қоғамның тірегі. Шаңырақ жарастығын сақтаған сол отбасылар жақында Астанада өткен «Мерейлі отбасы – 2017» республикалық байқауында салтанатты түрде марапатталды. Қазақстанның үздік отбасы ретінде Теміртаудан – Ұлы Отан соғысының ардагерлері Куриленколар отбасы танылды.
Отбасының облыстық байқаудан республикалық кезеңге жолдама алғанын газеттің алдыңғы санында жазған болатынбыз.
Атап өткен жөн, аталмыш шара 2013 жылдан бері Елбасының бастамасымен жүзеге асып келеді. Еліміздің тұрғындарына бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын насихаттай отырып, өнегелі отбасылардың қатарын көбейтуде. Мерейлі отбасыларды құттықтау салтанатында Елбасы: «Шаңырағы биік, босағасы берік қазақстандық отбасы қоғамның тұрақты дамуының және мемлекеттің өсіп-өркендеуінің бұлжымас кепілі. Адам бойында отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттер, жас ұрпақ пен аға буынға қамқорлық, жасампаздық пен қайырымдылық сияқты рухани адамгершілік құндылықтар мен өмірлік бағдарлар отбасында қалыптасады» деген болатын.
Куриленколар отбасы облыстық кезеңде жеңіске жетіп, демалыс күндері Астанаға аттанды. Биыл төртінші рет өткізіліп отырған «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының финалына 2897 отбасы қатысты. Оның 1041-і көпбалалы отбасы, 483-і еңбек әулеті және 27-сі халықаралық отбасы. Аймақтық кезеңнен өткен 16 қатысушының арасынан жеңімпаздар таңдалды.
Комиссияның төрайымы ҚР Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова шараның ашылу салтанатында байқауға қатысушыларға Елбасының құттықтау сөзін арнады. Конкурстық комиссия қарсаңында 7-15 қыркүйек аралығында өткізілген SMS және интернет-дауыс берудің қорытындысын шығарды. Қазақстанның барлық тұрғындары өздерінің отбасыларына өздерінің дауыстарын берді. Нәтижесінде, 2017 жылы Теміртаудан келген Куриленколар отбасы «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының лауреаты атанды.
– Мен Елбасымызға осындай мейірімді және жылы мереке – «Мерейлі отбасы» байқауы үшін алғыс айтамын. Бізді бақытты әрі мақтанышқа толы сезім кернейді. Барлық отбасыларымызға бақыт пен шаттық тілеймін. Бәріміз Отанымыздың игілігі үшін жұмыс істейміз. Алға, Қазақстан!, – деді Николай Куриленко.
Гүлшара Әбдіқалықова жеңімпаздарға микроавтобус кілтін табыс етті.
Айта кеткен жөн, Теміртау қаласының атынан жолдама алған Куриленко отбасының ауқымы үлкен, тамыры тереңге жайылған. Куриленколар әулетінің басшысы, 90 жастағы Николай Семенович Ұлы Отан соғысының ардагері, «Ерлігі үшін» медалінің иегері, «Германияны жеңу үшін», Г.Жуков медальдарының, І дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері. Ал, жұбайы Мария Феодоровна – тыл ардагері. Өткен жылы отау құрғандарына 65 жыл толып, Николай Семенович 90 жасқа келген мерейтойын атап өтті. Бүгінгі таңда 10 немере, 7 шөбере сүйіп отырған Николай Семенович: «Отбасында Отанға деген сүйіспеншілік алдымен ата-ананың ықпалымен қалыптасады. Сол берік отбасылық құндылықтар арқылы ғана мемлекеттің іргесі мығым, ғұмыры мәңгі болады. Онда әрбір адамның туыстық қатынасқа байланысты белгілі міндеттері бар. Басты тірегі мықты болса, өнегелі отбасы қалыптасады. Бақыттың басты кілті отбасындағы сыйластық пен мейірімділікте», – дейді.
Николай Семеновичтің екі қызы мен ұлы металлургиялық комбинаттың түрлі бөлімдерінде, бір қызы – медбике болып жұмыс істейді. Зейнеткерлер белсенді өмір салтымен айналысады. Алдағы уақытта байқауда жеңіп алған көліктерімен Қазақстанның қалаларын араламақ ниетте. Сондай-ақ, саяжайларына барып тұратын болады.
Аяулым СОВЕТ
ТЕМІРТАУ қаласы.