Балаға қамқор орталық
Қарағанды өңірінде мүгедектігі бар 5 мыңнан астам бала тіркелген. Мүмкіндікті шектейтін себептер қатарында жүйке жүйесінің аурулары мен туа біткен ақаулар жиі кездеседі. Дерттің бұл түрлері үшін оны неғұрлым ерте анықталғаны, ем мен кешенді оңалту шаралары аса маңызды. Бұл ретте тұрақты түрде оңалтумен айналысатын «Қамқорлық» оңалту орталығының ашылуы ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға үлкен сеп болды. Ашылған бірнеше ай ішінде 400-ге жуық бала ем алып шықты. Оның ішінде, мамандар 52 баланың жүре, 29 баланың сөйлей бастағанын айтады.
Мұнда невропатологтар, оңалту дәрігерлері, жаттығу терапиясының нұсқаушылары, психологтар, логопедтер және реабилитолог мамандар жұмыс істейді. Церебральды сал ауруы, аутизм және дамудың кешеуілдеуі бар балалар абилитация мен оңалтудан өтеді. Орталық айына – 50, жылына 600 баланы қабылдай алады.
Аурухана директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Нина Деркачтың айтуынша, аурухананың жаңа ғимаратқа көшуі оңалту орталығының ашылуына мүмкіндік жасаған.
– Жаңа ғимаратқа көшкенге дейін бізде оңалту орталығы болған жоқ. Осы жерде осындай маңызды қызметті іске қостық. Ерте араласу орталығында 3 айдан 3 жасқа дейінгі балалар көмек алады. Оңалту орталығына 18 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, сенсорлық бөлме, толығымен жабдықталған емдік-дене шынықтыру кабинеттері жұмыс істеп тұр. Кішкентайлар үшін «Посейдон» иммерсиялық ваннасы бар. Қазірдің өзінде нәтижелер жаман емес. Ата-аналар да риза болып қайтады, – дейді Нина Григорьевна.
Мұнда келетіндер негізінен, тұрақты түрде оңалту курсын алатындар. Олар орталыққа араға бірнеше ай салып, жолдамамен қайта келе алады. Алыс аудандардан келгендер – тәуліктің стационарда, қала басынан келгендер күндіз келіп отырады.
– Біз осымен екінші рет келдік, – дейді Артемның анасы Аня. – Молодежный кентіненбіз. Осында келгелі балам өздігінен тұра алатын болды. Бірнеше секунд болса да, бұл біз үшін үлкен жетістік. Бір жасында реанимацияға түсіп, даму процесі тежелген болатын. Қазір бәрін қайтадан үйреніп жатырмыз.
Ерекше баланың анасы Сымбат Бекмағамбетова да осымен екінші рет келіп, оңалту курсынан өтіп жатқанын айтады.
– Бұған дейін басқа жерлерде болдық. Бірақ, мұндағы мамандардың балаға деген қарым-қатынасы ерекше. Балаға жаны ашып тұрады. Содан да болар, нәтиже де бар, – дейді ол.
АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей және Қазақстан өндірген ең заманауи медициналық оңалту және диагностикалық жабдықтар бар. Оларды «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорлары жеткізген. Қор өкілдері орталықтың жұмысымен танысты.
«Samruk-Kazyna Trust» қорының басшысы Альфия Адиева біздің өңірде ашылған орталық қор атсалысқан 35-ші нысан екенін атап айтты.
– «Самұрық-Қазына» қоры 2020 жылдан бері ерекше балаларды оңалтудан өткізетін орталықтарға қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Үш жыл ішінде біз Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған 15 оңалту, 14 ерте араласу және аутизмі бар балаларға арналған 5 орталықтың тұсауын кестік. Осы жылдар ішінде 40 мыңға жуық бала оңалтудан өтті, – деді ол.
«Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева алдағы уақытта Қарағанды облысында тағы бір оңалту орталығы, 4 ауылда ангарлық типтегі спорт кешенін ашу жоспарда бар екенін айтты.
– Президент оңалту қызметі қолжетімді болуын тапсырды. Екі жылдың ішінде «Қазақстан халқына» қайырымдылық қоры Қарағанды облысында сомасы 11 млрд. теңге болатын 23 жобаны жүзеге асырды, – деді ол.
– Қазіргі уақытта ерте араласу орталығы жүйелі жұмыс істеп тұр. Енді 18 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталығы ашылады. Мамандарымызды үйреткен, осындай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен «Samruk-Kazyna Trust», «Қазақстан халқына», «Қамқорлық» қорларына алғыс айтамыз. Мұндай әлеуметтік жоба Балқаш, Шахтинск қалаларында да жалғасын табады деп ойлаймын, – деді облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.
Ерте араласу даму ерекшелігі бар балаларға қолдау әрі ондай баланың ата-анасына әдістемелік нұсқау бағдарламасы. Мамандар мен ата-аналардың бірлескен жұмысы баланың дамуы нәтижелі болуына ықпал етеді.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz