АймақБалқаш

Желтоқсан көшесі – елдіктің айнасы

Тарихты саралай қарасақ, Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастарды қаһарлы империядан сескендірмеген азаттыққа ұмтылыс, егемендікті аңсау екені сөзсіз. Шынында да, Желтоқсан оқиғасы азаттық таңының арайлап атуына себепкер болды. Бұл орны ерек оқиға ел жадынан өшпек емес. Ел еркіндігі жолында ерліктерімен есте қалған желтоқсаншы жастарға арналып, Желтоқсан көшесі атауы берілгені оларға көрсетілген құрмет белгісіндей еді. Қарағанды облысы бойынша алғашқылардың бірі болып, отыз жыл бұрын Балқаш қаласында Октябрьдің 50 жылдығы көшесі Желтоқсан көшесі болып өзгертілді. Бұған сол кездегі қалалық «Қазақ тілі» қоғамы, «Азат» партиясы, белсенді жастар зор ықпал етті.

Суреттерді түсірген автор

Қолымызға түскен деректерде «1993 жылы 5 маусым мәдениет, тіл, ғылым, білім, ұлттық және интернационалдық қатынастар, тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі тұрақты комиссия мен қалалық «Қазақ тілі» қоғамының ұсыныстарын қолдап, Балқаш қаласының көшелерінің атауын өзгерту туралы қаулысына сәйкес, ­М.Горький көшесі – Қараменде би атымен, А.Матросов көшесі – Ағыбай батыр атымен, В.Чапаев көшесі – Ә.Бөкейханов атымен, С.Киров көшесі – С.Сейфуллин, оның ішінде Октябрьдің 50 жылдығы көшесі Желтоқсан көшесі болып өзгертілуі тиіс деген қаулы шықты», – деп тайға таңба басқандай жазылған.
Белгілі журналист Қанат Ордабаевтың айтуынша, Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні Желтоқсанмен тығыз байланысты. Бұл азаттықтың астарында Алаш жастарының мұңы мен сыры астасып жатыр.

– Қазақ үшін еркіндікті жақындатқан Желтоқсанның орны бөлек. Біздің ойымызға желтоқсаншылардың құрметіне ең құрығанда көше атауын берсек деген үкілі арман ұялады. Сол кездегі қалалық «Қазақ тілі» қоғамына барып, «Азат» партия­сының Балқаштағы басшысы Бақыт Сағындықов бастаған азаматтар, оның ішінде, Балқаш қаласының Құрметті азаматы Елжетті Құсайынұлы, белсенді жастар Нарынбек Ішпекбаев, Нұрлан Жандәулетов және мен ұсынысымызды айттық. Көшелі елдің келешегін көшесіне қарап тануға болатындығын жеткіздік. Біздің бұл ұсынысымызды қалалық «Қазақ тілі» қоғамы қолдады, – дейді Қанат Ордабаев.

Бірақ, сол уақыттағы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, жазушы Жанболат Башарұлы желтоқсанда бас көтерген жандардың құрметіне көше атауын беріп, көшелерді қазақшаландырғанда қиындықтар туындағандығын айтады.

– 1989 жылы құрылған «Қазақ тілі» қоғамының түпкілікті мақсаты – Балқаш қаласында ұлттық мектеп пен ұлттық балабақша ашу, көше атауларын қазақыландыру және қазақ тіліндегі байырғы «Балқаш жұмысшысы» газетін ашу болатын. Қала көшелерін өзгерту мәселесі жөнінде «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері тарапынан ұсыныс тасталып, 1992 жылы қалалақ кеңестің сессиясында қаралады. Бұл бірден шешіле қалған жоқ. Біраз азаматтар қарсылық білдірді. Әрине, мәселе сессияға дейін тұрақты комиссиялардың отырысында қаралып, түсіндіру шаралары жасалды. Тұрақты комиссиялардың отырыстарында депутаттардың біразы түсіністік танытты. Кейбір қазақ депутаттары қарсы болып, сессияны тастап шығып кетті. Мен ұсынысымды ұтымды қорғап шықтым. Сессияда қаланың сол кездегі басшысы Владимир Григорьевский салмақты сөз айтып, депутаттарды бірауыздан қолдау­ға шақырды. Парасаттылықпен дұрыс шешім қабылдануына мұрындық болды. Сол күннен бастап, Қараменде би, Ағыбай батырдың, Әлихан Бөкейхановтың, Сәкен Сейфуллиннің және Желтоқсан атындағы көшелер қала тарихына енген болатын, – дейді жазушы Жанболат Башар.

Осыған орай, біз Желтоқсан көшесінде тұрып, әрі-бері өткендерден пікір алдық. Кімнен сұрасаң да, Желтоқсан оқиғасы жайлы ерекше тебіреніспен айтады. Қазіргі таңда өзім тұрып жатқан көшемен келе жатып, бойымызды ерекше бір күш билегендей әсер алдық. Мүмкін, бұл қазақты еркіндікке бастаған азаттықтың рухы шығар… Қалай десек те, бұл Желтоқсан көшесіне желтоқсаншыларға арналған ескерткіш жетіспей тұрғандай көрінді. Желтоқсаншылар ерекше құрметке лайық. Болашақта ескерткіш орнату – бұл Желтоқсан батырларына құрмет қана емес, олардың ерліктерін мәңгі есте сақтау.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button