Ресми

Аманат арқалағандардың алқалы жиыны

Кеше AMANAT бастауыш партия ұйымдары төрағаларының бірінші облыстық форумы өтті. Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, партияның қалалық, аудандық филиалдарының төрағалары, мәслихат депутат­тары қатысты.

Әлемдік экономикадағы бүгінгідей күрделі кезеңде уақыттың сынағынан сүрінбей өту үшін ең бірінші қоғамның бірлігін нығайтып, саяси күштерді бір мақсат, бір мүддеге жұмылдыру аса маңызды. Осы орайда елдегі ықпалды саяси күш ретінде AMANAT партиясына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

Форум тізгіншісі партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы пар­тияның депутаттық фракциясының басшысы Бекзат Алтынбеков:

– Партия жұмысын одан әрі жетілдіруде бастауыш партия ұйымдары қызметінің рөлі аса маңызды. Президент сайлауы, рефрендум, Парламент Мәжілісінен бастап мәслихат сайлауынан барлық деңгейде сайлау өтті. Енді біз Бастауыш партия ұйымы партия мүшелерімен тікелей байланыста болғандықтан, әрбір партия мүшесіне партияның мақсатын, егеменді еліміздің саяси өміріндегі рөлін түсіндіру біздің міндетіміз. Бұл жұмыс­ты жаңа қырынан қарастырып, олқы тұстарын жетілдіруіміз керек. Түптеп келгенде бұл саяси институт елдің айнасына айналарлық күш-қарымға ие болғаны маңызды. Ол айна-қатесіз ақиқат! Әсіресе, жастарды отаншылдықтың арқауына айналатын құндылықтарды қастерлейтіндей етіп тәрбиелеу әруақытта Қазақстанның табысқа жетуі мен өркендеуінің кепілі болмақ. Партия мен халық арасындағы байланысты одан әрі жетілдіру бағытында бастауыш партия ұйымдарының белсенділігін арттырып, жұмысын жаңа деңгейге көтеру міндеттеліп отыр. Партия сенімін ақтау – біздің қолымызда! – деді кіріспе сөзінде.

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын бастысы Отанға адал қызмет ететін азамат тәрбиелеп, қоғамды алға жетелейтін тұлғалар шоғырын қалыптастырудың мән-маңызына тоқталып, форум қатысушыларының жұмысына сәттілік тіледі.

– Бізде 267 бастауыш партия ұйымы бар. Бұл байқаған жанға үлкен күш екендігі аян. Партиямыздың әр мүшесі өңір өміріне белсене қатысып, азаматтық үнін білдіру зымыран заманымыздың әр күніне игі әсерін тигізбек. Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп жатады. Құндылықтар тез арада орын алмасып жатқан уақытта әр саналы азаматтың алдағы міндеті Отанын сүйетін, рухты ұрпақ тәрбиелеу, – деп түйіндеді сөзін Ерлан Бейсембайұлы.

Атап өтелік, Қарағанды облысында барлық деңгейдегі мәслихаттардағы AMANAT партиясының 14 депутаттық фракциясы бар. Облыс бойынша түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының саны 214 адамды құрады, оның 163-і – AMANAT партиясының мүшелері. Осы уақыт аралығында 73 фракция отырысы өтіп, онда партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасын, сондай-ақ, Өңірлерді дамыту бағдарламасын, облыстық бюджетті, экология, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жылыту маусымына дайындық өзге де бірқатар толғақты мәселелер қарастырылған. Осының негізінде 136 ұсыныс қабылданып, оның 83-і өз шешімін тапқан. Фракция мүшелері аймақ тұрғындарымен 28 рет көшпелі кездесу өткізген.

Форум жұмысы барысында сөз алған партияның Орталық аппаратының ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаментінің директорының орынбасары Ж.Қалтаев, партияның Қарағанды қалалық филиалының төрағасы Ю.Бадина және бастауыш партия ұйымының төрағалары партияның бағдарламалық құжаттары және партиялық жобаларды іске асыру, бастауыш партияның ұйымдары қызметінің ерекшеліктеріне егжей-тегжейлі тоқталып ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Форум барысында AMANAT партиясының облыстық филиа­лының төрағасы Бекзат Алтынбеков партия сапына жаңадан қа­был­данған мүдделестерге сал­танатты жағдайда партия билет­терін және белсенді партия мүшелері мен бас­тауыш партия ұйымдары төр­ағаларына грамоталар табыстады.

Шет аудандық AMANAT партиясы филиалының төрағасы Бауыржан Баданов:

Шет ауданы бойынша аталған партияның 26 бастауыш ұйымы бар. 2400-ге жуық адам оның мүшелігінде. Қордаланған мәселені шешуге біз үнемі белсенділік танытып келеміз.

– Әр өңірде атқарылар негізгі жұмыс жүгі бастауыш партия ұйымдары мүшелерінің иығына түседі. Ол еңбектің түрлі форматта бағаланып жатқаны бізді қуантады. Бұл алдымен партияға деген селкеусіз сенімді арттыру екендігін түсінеміз бұл арада. Осы берекелі бастамалардың алдағы жеңісі мен жемісін уақыт береді деп топшылаймыз, – деді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button