Коронавирус

ІНДЕТ босбелбеулікті көтермейді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары коронавирус инфекциясына шалдыққандар санының жаңа тәуліктік рекордын тіркеді. Мәліметтер 9 қазандағы жұқтырғандар саны әлем бойынша 400 мыңға жуық адамға артқанын көрсетеді. Ең жоғары көрсеткіш 122 715 адам тіркелген Америкаға тиесілі болса, Еуропа да қалыспай келеді. 96 996 жұқтыру жағдайы бірқатар елдерді қайта жабуға мәжбүрледі. Бір тәулікте 5 514 өмірді жалмаған коронавирус кестесінде көршілес Ресей төртінші орынға шықса, қатаң тәртіп пен бетперде режимін қатаң сақтаған Қытай жұқтырғандар саны бойынша алғашқы ондықтан шықты.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейюс ауру мен пандемия адам өмірінің бір бөлігі екенін және әлем елдері үлкен індетті жоюы үшін дайындалуы керек деп мәлімдеген еді. Ол көптеген елдердің денсаулық сақтау саласын дамытуға немқұрайлы қарауы Covid-19 індетімен күреске әсер еткенін атап өтті.

Өзге елдердің, атап айтқанда Ресей мәліметтеріне көз жүгіртсек, коронавирустың екінші толқыны балаларды да айналып өтпегенін көруге болады. Ресей Денсаулық сақтау министрлігі соңғы екі аптада балалар арасында ауру жұқтыру жағдайы жиі кездесуде дегенімен, нақты деректер жоқ. Бірақ, жұқтырғандардың әрбір төртіншісі мектеп оқушысы, болмаса – студент екенін айтады. Жалпы бала ағзасы вируспен жақсы күресетінін ескерсек, көпшілігінде ешқандай ауру белгісі байқала қоймайды, десек те, бұл созылмалы сырқаты барларға соққы болары сөзсіз. Жалпы, біздің елдегідей оқуды онлайн емес, офлайн жалғастырған ресейліктердің көпшілігіне коронавирус санитарлық талаптарды сақтай қоймайтын осы балалардан жұғуда екенін айтуда.

Ал, еліміздегі жағдай – тұрақты. 8 қазандағы деректер коронавирус инфекциясының 107 жаңа жағдайы тіркелгенін көрсетеді. Оның 6-ы Қарағанды облысына тиесілі.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде COVID-19 инфекциясының өршуінің үш сценариін айтқан болатын. Сценарий бойынша елде қатаң карантиннің болу-болмауы – тұрғындардың өзіне тікелей байланысты. Ал, болжам дөп келетін болса, локдаун желтоқсанда жарияланады.

Алғашқы сценарий бойынша бетперде тағу тек 60%-ға қадағаланса, қазан-желтоқсанда тіркелетін жағдайлардың саны шамамен 190 мың адамға жетіп, 65 мың адам ауруханаға жатады. Ал, арақашықтық сақталып, маска тағу режимі 70%-ға жетсе, болжам бойынша 90 мың адам жұқтырып, 30 мың адам стационарда емделеді. Бұл жағдайда локдаун қаңтарда енгізілуі мүмкін. Коронавирус инфекциясын жұқтырудың алдын алу бойынша енгізілген талаптар 100 % қатаң сақталса, елімізде қатаң карантин енгізудің қажеті болмайды.

«Оптимистік сценарий бойынша қазан-желтоқсанда шамамен 40 мың адам тіркеліп, 15 мың адам ауруханаға жатқызылады» деген болатын Алексей Цой.

Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың екінші толқынына қатысты жиында сөйлеген сөзінде алғашқы кезеңде жіберілген қателіктерді талдауға уақыт жеткілікті болғанын, эпидемияға қарсы күрес кезінде біраз тәжірибе жинақталғанын, оны мейілінше пайдалану қажеттілігін айтты.

– Баршаңызға аян, қазір көптеген елде санитарлық ахуал күрделеніп барады. Бұл – коронавирус індеті қайта өршиді деген сөз. Біз бұған дайын болуымыз керек. Індетке қарсы күрес үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданған. Ең бастысы, тәжірибе бар. Осы кезеңде денсаулық сақтау саласын нығайту үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық жоспар жүзеге асырылуда. Өңірлердің дайындығын айқындайтын индикаторлар жүйесі енгізілді. Жергілікті жерлерде жедел штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Бұл штабтар іс-қимыл шараларын орталыққа жалтақтамай, өздері қабылдай алады. Құзырлы органдардың барлығы індетпен күреске дайын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қазір еліміздің біртұтас биоқауіпсіздік жүйесін құру жұмысы басталды. Ұлттық вакцина әзірлеу үшін клиникалық жұмыстар жүргізіліп, Халықаралық қауымдастық тарапынан да қолдау тапты. Дегенмен, Президенттің өзі жаз айларындағы күрделі ахуалды естен шығармау керектігін ескертіп отыр.

«Эпидемияны ауыздықтау – оңай шаруа емес. Оның экономикаға және халықтың әл-ауқатына тигізетін салдарын барынша азайту – маңызды міндет. Біз жан-жақты ойластырылған және нақты шаралар қабылдауымыз керек» деді ол.

Ал, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой офлайн оқытатын мектептің вирус ошағына айналу қаупі басым болғандықтан, онлайн оқу әзірге жалғаса беретінін айтқан болатын.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button