Облыс әкіміРесми

Жақсы істің басында – ЕРІКТІЛЕР

Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен зейнеткерлердің әлеуметтік картасын әзірледі. Картаның арқасында қариялар қажетті көмекті тезірек ала алады. Осы және басқа да бастамалар облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен онлайн режимде өткен жастар кеңесінде талқыланды.

Биылғы жыл Еріктілер жылы болып жарияланған еді. Пандемия кезінде еріктілер үлкен роль атқарды. Аз қамтылған отбасыларға, мүгедектерге, ардагерлерге және жалғызбасты зейнеткерлерге көмектесті. Олар COVID-19 дертінің екінші толқыны соққан жағдайда да жұмысын жалғастыруға дайын.

– Коронавирустың екінші толқыны жағдайында еріктілер көмектесуге дайын екенін айтқым келеді. Біздің облыста 57 соғыс ардагері, 8100 тыл еңбеккері және 206 мың зейнеткер тұрады. Олардың әрқайсысы үшін әлеуметтік карта жасалды. Халықтың осы санатына көмек көрсету үшін 3 мыңға жуық ерікті тартылады, – деді Қарағанды облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаев.

Жиында патриоттық тәрбие туралы да айтылды. Бұл ретте «Жас сарбаз» жастар бірлестігі ерекше роль атқаратыны тілге тиек етілді. Облыста барлығы 19 сынып жұмыс істейді. Сыныптарда қозғалыстың 457 қатысушысы қамтылған. Олардың арасында спорттың әр түрінен Қазақстан чемпиондары мен «Айбын» әскери-патриоттық жиынына қатысушылар бар.

Онлайн жиында «Әлем арқылы» қоғамдық жастар қорының көшбасшысы Данияр Құрманов та сөз сөйледі. Ол Жеңіс Қасымбектен «Мектеп сыныбының ағашы» бастамасын қолдауды сұрады. Аталмыш жоба аймақтың әр мектебіндегі барлық сынып бір ағаштан отырғызып, көшеттер тамыр алғанға дейін оларға қамқорлық жасауды қарастырады. Бұл облыстағы жасыл желектің санын 10 мыңға арттыруға көмектеседі.

Кеңес қатысушылары цифрландыру саласында қашықтан жұмыспен қамтуды және қосымша білім беруді дамыту жөніндегі бастамаларды да атап өтті. Тәрбие берудегі дәстүрлі мәдени құндылықтардың және қазіргі қоғамның дамуындағы тіл саясатының маңыздылығын атап өтті.

– Біз Еріктілер жылының осылай өтетінін елестете алмадық деп ойлаймын. Еріктілер үлкен ұрандар, форумдар мен конференцияларсыз, жеңдерін түріп, күнделікті іс-әрекеттерімен еріктілер қозғалысына өз үлестерін қосуда. Барлық ерікті күштердің шоғырлануы бұрынғыдан да пайдалы болды. Пандемия кезіндегі еріктілердің риясыз жұмысының арқасында біз көптеген әлеуметтік мәселелерді шеше алдық, – деді Жеңіс Қасымбек.

Онлайн кездесу соңында облыс әкімі қайырымдылық акцияларына қатысып, пандемия кезінде мұқтаж жандарға белсенді көмек көрсеткендердің барлығына алғысын білдірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button