Ресми

Спорт сарайларының сәні кірді

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында аймақтағы біршама спорт кешеніне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш бағдарлама аясында биыл 14 жобаға 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Күрделі жөндеуден өткен мекемелердің бірі – Нұркен Әбдіров спорт сарайы. Бір мезетте 60 баланы қабылдай алатын бокс залына ең соңғы рет «Жол картасы – 2010» бағдарламасы негізінде жөндеу жүргізіліпті. Биыл залды жөндеу үшін 8 миллион 400 мың теңге қаржы бөлген. Атап айтқанда, жарық шамдары, желдеткіш жүйелері мен ринг жаңадан орнатылыпты. Едені мен төбесі ауыстырылған.

– Бокс залына кірсең – еңсең түсетін. Қараңғылық басып тұрушы еді. Спортшылардың дайындығына ол да әсер етпей қоймайды. Қазір бәрі жаңартылды. Бұрынғыдан әлдеқайда жарық. Бөлінген қаржының басым бөлігі желдеткіш жүйелеріне кетті. Және дәретхана мен жуынатын бөлмеге азды-көпті жөндеу жүргізілді, – деді облыстық мамандандырылған балалар және жасөспірімдер мектебінің маманы Александра Анисимова.

Сондай-ақ, мекемедегі тир залын қалпына келтіру үшін 5 миллион 600 мың теңге бөлінген. Бассейн залындағы киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелерге де жаңарту жұмыстары жүргізілген. Бұған дейін бассейнге секіретін үлкен мұнара қойылған еді…

Жеңіл атлетикадан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі – қаладағы көп жылдар бойы жөндеу көрмеген спорттық нысандардың бірі. Биыл 21 миллион теңге қаржы бөлініп, спортшыларға қажет құрылғылар мен жүгіруге арналған жолақтың жабдықтары жаңартылды. Жаңа футбол алаңы да бой көтерді.

– Бүгінгі таңда мекемеде 500-ден астам спортшы дайындалады. Ел чемпиондары да осы жерден шыққан. 1963 жылы негізі қаланған мектепте содан бері мұндай күрделі жөндеу жұмыстары өтпеген. Сыртқы жұмыстарынан бөлек ішін де қалыпқа келтірдік. Жарық шамдары жаңартылды. Келер жылы мекеменің шекарасын бөліп тұратын қабырғаны бетоннан салсақ па деп отырмыз, – деді мекеме басшысы Жасұлан Жаңбырбаев.

Бұдан бөлек облыстық мамандандырылған «Дәулет» күрес мектебінің іші мен сыртына да жөндеу жүргізіліпті. Орталықты жаңарту үшін 6 миллион теңге қаржы жұмсалған. Бұған дейін тек жеңіл-желпі ғана жөнделіп келген. Қазір барлығы жаңартылып, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған.

– Биыл зал керемет жөндеуден өтті. Кірген кезде әдемілігі мен жаңа атмосферасы өзіне тартып тұрады. Жарық әрі жаңа жерде жұмыс істеген маған және спортшыларыма тиімді, – деді жаттықтырушы Александр Мыцык.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button