Қой өсіру қайта қарқындай ма?
«Мал өсірсең – қой өсір, пайдасы оның – көл-көсір» деген атам қазақтың қанатты қағидасын мемлекеттік деңгейде қолға алатын кез жетті.
Ата-бабамыз ежелден мал бағып, соның ырыздық-несібесіне кенелген. Шопан ата түлігін өсіру – ешқашан сұраныстан шықпайтын, құнсызданбайтын, әрдайым өнім беріп тұратын кәсіп. Қазақта бағзы заманнан мал өсіруде, оның өнімін пайдалануда тәжірибе жетерлік. Яғни, «түгін тартсаң майы шығатын» құйқалы жеріміздің шұрайлылығына, кеңдігіне, табиғи-климаттық ерекшелігіне, керек болса, әр өңірдің жер ыңғайына, табиғатына бейімделген қой тұқымы мен түрі ұзақ уақыт табиғи-халықтық сұрыптау, эволюциялық даму негізінде қалыптасқан. Сондықтан, бүгінде мәселе оның төзімділік, бейімділік қасиетін төмендетпей, өнімділік көрсеткішін арттыруда болып отыр.
Сондай-ақ, Бүкіләлемдік сауда қатынасында отандық мал шаруашылығының нарық жағдайында бәсекеге қабілетті болуы бүгінгі таңдағы тағы бір өзекті мәселе екенін айтпасқа болмайды. Осы орайда озық инновациялық технологияны өз жағдайымызға бейімдеп, өндіріске енгізу арқылы жаңа даму кезеңіне өтуге болатындығын әлемдік тәжірибе айқындауда. Бұл орайда, тарихы терең, дәстүрлі қой шаруашылығының елімізде алар орны ерекше. Атап айтқанда, әлемдегі қой шаруашылығы тәжірибесіне сүйенсек, қой бағу, ет өнімін өндіру – нарықтық экономикада тиімді және келешегі мол бағыттың бірі. Осы тұста біз «бұл мал түрінің табиғи ерекшелігіне сай мүмкіндігін толық, тиімді пайдаланып отырмыз ба?» деген сұрақ туындайды.
Мысалы, алысқа бармай-ақ, кешегі кеңестік кезеңде қой шаруашылығы біздің өңірде қарқынды дамығанын жақсы білеміз. Кеңестік шаруашылықтың (совхоз) әрқайсында кем дегенде 30-40 мың қой болды, мемлекет ет пен жүнді экспортқа шығарды. Бір ғажабы, сол кезде қойдың жүніне сұраныс жоғары болған. Кеңес үкіметі соған байланысты барлық шығынды ысырып қойып, қой шаруашылығына басымдық беріп, мал тұқымын асылдандырып, сапалы жүн алу бағытында көптеген жұмыс жасаған. Нәтижесінде қылшықты жүннің орнына биязы жүнді қой тұқымын сұрыптап шығарған.
Ол кезде халық жүннен тоқылған немесе қойдың терісінен тігілген киімді көп тұтынған. Осыған байланысты елде жүн өңдейтін, киім тігетін, мата тоқитын көптеген комбинат, фабрика жұмыс жасады. Малшы, жұмысшыға қажетті киізүй жабдығы, пима, байпақ секілді отандық тауар өзімізде өндірілді. Биязы жүннен тоқылған түрлі тоқыма бұйым, тіпті, шет мемлекетке шығарылды. Сөйтіп, Қазақстан тек қой шаруашылығымен-ақ өзін де, өзгені де жүн өнімімен қамтамасыз ете алды. Бұрын әр кеңшарда орта есеппен кемі 30-40 мың қой (әр отарда орташа 700-750) болғанын жоғарыда айттық. Егер әр отарда кемі 3-4 адам еңбек етті десек, тек бір шаруашылықта тікелей қой бағумен қанша адам айналысқанын өзіңіз есептей беріңіз. Қазір қой бағатын адам азайып келеді.
Алайда, ел тәуелсіздік алған алғашқы жылдары осы үрдістен қол үзіп, жекешелендірудің бастапқы кезеңінде түсінбеушіліктің, әлде әдейі бетімен жіберудің салдарынан қайран қыруар қой «ұстағанның – қолында, тістегеннің – аузында» кетті. Ет пен жүн өңдейтін, тоқыма бұйым шығаратын зауыт пен фабриканың есігіне қара құлып салынды. Сондай солақай саясаттың салдарынан әбден қалыптасып қалған әлеуетті саланың сиқы қашып, қазір қазақтың ата кәсібі көшін түзей алмай тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осыда» деп мәселенің мәнісін қадап айтты. Қой шаруашылығына кейінгі кезде азды-көпті назар аударыла бастауы көңілдегі үмітті оятады.
Әрине, осы тұста аймақта «қой шаруашылығы қайта қарқын алуына не кедергі?» деген сұрақ тууы заңдылық. Оның басты себебі – жүн мен терінің кәдеге аспауы. Қазіргі кезде мақта мен жүннен тоқылатын киімнің басым бөлігін синтетикалық материал алмастырған. Статистикалық мәліметке жүгінсек, елде жылына 37 мың тонна жүн өндіріледі екен. Осы жүннің 5500 тоннасы ғана шетел асса, 5500 тоннасы өзімізде өңделеді, ал 26 мың тоннасы кәдеге жарамай, іріп-шіріп қалады. Бұған қоса қой терісінің 99,8%-ы қаға беріс қалтарыс, бұға беріс бұлтарыста тау-тау болып үйіліп жатыр. Кезінде қойдың терісінен тігілген тонды қолы жеткен ғана киетін еді. Соны қазір айтсаң, «қияли» атанасың!
Сондықтан, саланы дамытуда өнім өткізу – басты мәселе. Сонымен қатар, асыл тұқымды мал санын көбейтіп, санның емес, сапаның үлес салмағын арттыру да маңызды. «Қой егіз тапса, шөптің басы айыр шығады» деген қазақтың Шопан ата төлімен тұрмыс-тіршілігі өте жақындығын байқауға болады. Қой өте төзімді келетіндіктен, құлазыған шөл де, шыңы биік тау да қой жарықтықтың жайылымына жарай береді. Елде қой басының көбеюі, ел экономикасының іргелі дамуына жол ашып тұрғанын ғалымдар да қуаттайды. Олай болса, нақты салалық бағдарламалар шеңберінде инвестициялық жобалар қажет. Үкімет қой шаруашылығын қолдауға көбірек көңіл бөлгені дұрыс. Сонда жүн – жұрқаланып, тері – тулаққа айналмай, шағын шаруашылық іріленіп, ауылдың ахуалы мен әлеуеті артатыны анық.
Думан ҚАБЫЛ.