Жарна көлемі – қомақты

Облыс тұрғындары биылғы жылдың тамыз айында медициналық сақтандыру қорына 1,8 миллиард теңге жарна аударды. 1,1 миллиард теңгені жұмыс берушілер қызметкерлері үшін аударды. Сондай-ақ, жұмыс берушілерден мерзімі өткен төлемдер үшін 3 миллион теңгеден астам өсімпұл алынды.

Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, жеке кәсіпкерлерден, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан және дербес төлеушілерден түскен медициналық сақтандыру жарнасы 703 миллион теңгеден асты.

Облыста 3,5 мың шағын және орта бизнес субъектісі, 58 ірі бизнес объектісі 2020 жылдың 1 қазанына дейін өз қызметкерлері үшін төлеуі тиіс жарналар мен аударымдардан босатылды.

– Қазір жарналар мен аударымдар түспеген бизнес субъектілерінің қызметкерлері сақтандырылған болып қалатынын еске саламыз. Жұмыс берушілер ай сайын өз қызметкерлері туралы мәліметтерді Мемлекеттік кірістер департаментінің сайтында https:// msb.fms.kz/login сілтемесі бойынша өзектендіру қажет, – деді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының бас сарапшысы Жанар Ракишева.

Ал, тамыз айында медициналық сақтандыру қорына республиканың барлық өңірлерінен түскен түсімдер 20,8 миллиард теңгені құрады.

Өз тілшімізден.