Ұлытау ауданының әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында алға қойылған тың талаптар мен міндеттерді талқылау және оларды жүйелі жүзеге асыру жолдарын айқындауға арналған актив жиыны өтті. Аудан әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ тізгінін ұстаған маңызды басқосуға мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық-мемлекеттік құрылымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ депутаттық корпус пен БАҚ өкілдері қатысты. Алшақтағы кенттер мен селолық округтердің әкімдері жиынға онлайн-режимде қосылды.
Актив жиынындағы өзінің кіріспе сөзінде аудан басшысы Берік Әбдіғалиұлы жаңа Жолдаудың мазмұндық құрылымына айрықша мән беріп, оның ерекшелік сипаттамаларына егжей-тегжейлі талдау жасады. Басқосудың басты мақсаты – жаңа бағдарламалық құжатта қозғалған мәселелер мен аудан аумағында жүргізіліп жатқан, сонымен қатар, қолға алынуы жоспарланған жұмыстардың өзара үндес болмыста болуын қарастыру екендігіне назар аударды. Қай деңгейде, қандай істе болсын, тұрғындар тілегін ескеру – басты шарттылық ретінде талап етілетінін қадап айтты. Аудан бюджеті ел пікірін зерделей отырып, мейлінше сұранысқа ие қажеттіліктерді өтеуге бағытталуы тиістілігін тілге тиек етті.
Жиында Жолдау талаптарын талқылауға, соның аясында өздері басқаратын салалық бағыттар бойынша жүргізілетін шараларды айқындауға қатысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллин, аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айна Әбілова ой-пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде «Атамекен» Ұлттық палатасы Қарағанды облысы, Ұлытау аудандық филиалының директоры Аманбек Сүлейменов Жолдауда жүйеленген міндеттерден бастау алатын орнықты ұсыныстарын ортаға салды. Кәсіпкерлік саласының тынысын кеңейтуге кең жол ашатын шарттылықтардың тетіктерін тиімді пайдалануға қатысты қадамдардың қандай жолмен өрбуі керектігі жөнінде өз құзыреті шеңберінде сөз қозғады.
Зейін қойып, байыпты бағамдаған жанға Ұлт ұясында кемел келешектің кепілі іспетті іргелі істердің ілкімді жүргізіліп жатқаны айқын аңғарылады. Ел Үкіметінің дағдарысқа қарсы шаралар бойынша қабылдаған шешіміне сәйкес, ауданда 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясындағы инфрақұрылымдық жобалар тізімі тиісті құзырлы мемлекеттік органдармен келісілген. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» негізінде қазіргі таңда жалпы сомасы 2 миллиард 14 миллион 992 мың теңгені құрайтын 18 инфрақұрылымдық жоба жүйелі жүзеге асырылуда. Соған сәйкес, аудан аумағында құрылыс жұмыстары қарқын ала түскен. Оның игі нәтижелері тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне жағымды әсерін тигізері сөзсіз.
«Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында 522 жаңа жұмыс орнын ашу, оның ішінде, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 260 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінгі күні «Жұмыс орындарын құру интеграциялық картасы» базасында жоспарға енгізілген жұмыс орнының 275-і ашылып отыр. Оның ішінде, жұмыспен қамту орталығы арқылы 142 адам уақытша жұмысқа орналасуға жолдама алған.
«Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсында аудан бойынша 45 адамды оқыту көзделсе, бүгінгі күнге дейін онлайн-форматта 50 адам оқып шығып, арнайы сертификатты иеленіпті.
Жаңа бизнес жобаларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен 25 адамға 13255,0 мың теңге сомасында мемлекеттік гранттар бөлініп, 25 үміткерге қатысты оң шешім беріліпті. Бұдан бөлек, 40 адамға 22224,0 мың теңгеге қосымша грант беруге сұраныс жіберіліп отыр.
Актив жиынының түйінінде Жолдау талаптарынан туындайтын міндеттер ауқымы нақтыланып, оны жүзеге асыру бағытындағы жауапкершілік жүгі айқындалды. Аудан әкімі соған орай, тиісті салалық құрылымдардың басшылары мен аудан аумағындағы округтер әкімдеріне тың тапсырмалар берді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.