Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Барлық әкімдер мен министрлер жазаға лайық»
Үкіметтің тарихында ұзаққа, үш сағатқа созылған отырыс кеше болды, сірә. Бұлай ететін жөні бар. Таразы басында бұқараның амандығы, індеттен айығуы тұр. Жасыратыны жоқ, бүгінгі елдегі эпидахуал алаң емес, қатердің тап қасымызда екенін сездіреді. Індеттен қауіп сейілді деп, тақиямызды тым ерте төбеге атыппыз. Шындықтың бетіне тура қарайық, қазіргі жағдай «әкең өлгенді жасырасың, бірақ жерлегенде қайтесің?» деген кепті киіп тұр. Төтенше жағдай тоқтатылып, карантин шаралары жеңілдетілген екі ай мұғдарында індет ел ішін дендеп алды. Науқастар күн сайын тіркеліп, ауыл-аймақта өлім-жітім де көбейді. Барлық әкімдер мен бірқатар министрліктер жазаға лайық. Нақтыласақ, Денсаулық сақтау министрлігі қателіктер жіберді, әкімдердің көпшілігі міндеттерін толық атқармады. Үкімет оған бақылау жасамады. Үкімет бұл ахуалды алдағы екі аптада оңалтуы тиіс. Әйтпеген жағдайда Үкіметтің осы құрамының да қоғамға қажеті аз болмақ. Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысына төрағалық еткен Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ біраз мәселені төтесінен қойды. Тергеу жүргізіп, осындай күрделі жағдайға жеткізген тұлғаларды жауапқа тарту қажеттігін мәлімдеді.
БАСТЫ МІНДЕТ – ІНДЕТТІ АУЫЗДЫҚТАУ ЖӘНЕ НАУҚАСТАРДЫҢ АЙЫҒУЫ
Мемлекет басшысы індетпен күреске бөлінетін 150 млрд.теңге туралы айта келіп, негізгі күштің осы нәубетті тыюға жұмылдыратынын атады.
«Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар елеулі қателіктер жіберді. Әкімдердің көпшілігі өз жұмысын тиісінше атқармады, Үкімет бақылаған жоқ» деді Мемлекет басшысы. Президент Қазақстанда қатаң карантиндік шаралардың сақталуын қадағаланбағанына да ерекше тоқталды. Бұл орайда, полиция қызметкерлері мен денсаулық сақтау қызметкерлеріне тәртіптің сақталуына мұрындық болуды жүктеді.
Президент әуелі туындаған қиындықтарға кінәлілерді жауапқа тарту керектігін айтып, МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры) пен «СК Фармация» басшыларын жұмыстан шығаруды тапсырды.
«Қиындықтардың туындауына себеп болған барлық кінәлілерді жауапқа тартып, тексеру жұмыстарын жүргізу қажет. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және «СҚ Формация» басшылығын жұмыстан шығарып, тергеу амалдары жүргізілсін. Індет кезінде осындай жолмен пайда тапқысы келгендер қатаң жауапқа тартылуы тиіс. Менің тапсырмамнан кейін бұл бағытта жұмыс басталып кетті. Оны соңына дейін жеткізу керек. Себебі, бұл – түптеп келгенде, ұлттық қауіпсіздік мәселесі», – деді Президент.
АРНАЙЫ КОМИССИЯ КІНӘЛІЛЕРДІ АНЫҚТАЙДЫ
Алдағы уақытта індеттің өршуінде қателіктер мен олқылықтарды жібергендерді анықтайтын арнайы комиссия құрылады. Тергеп-тексерудің нәтижесі тікелей Президентке мәлімделмек.
«Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, маған ұсыныс берсін» , – деді Мемлекет басшысы.
Оған қоса, Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстары мен нұсқаулықтарын өзге үкімет мүшелері мен әкімдер басымдыққа алуы қажеттігін айтты.
«Бұл төтенше жағдай болғандықтан, пандемияға қатысты барлық шешімдерді жедел қабылдауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрін ерекше мәртебеге және құзіретке ие деп есептеңіздер. Министрлікке пандемиямен күрес жөніндегі күнделікті есептің және ақпараттың берілуін қамтамасыз етуді Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын», – деді.
«ХАЛЫҚТЫ ҮРЕЙ МЕН ҚОРҚЫНЫШ БИЛЕГЕН»
Сонымен қатар, Президент назарынан дәрі-дәрмектің тапшылығы да тыс қалмады. Мемлекет басшысы Қазақстанда отандық дәрі шығаратын кездің жеткендігіне ерекше тоқталды.
«Қазақстанда дәрі мен медициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда? Халықты үрей мен қорқыныш билеген. Тіпті, олар өздеріне қажет емес дәрілерді де сатып алып жатыр. Адамдар әлеуметтік желідегі әртүрлі күмәнді ақыл-кеңестерге құлақ асуда. Сall-орталықтардың тәулік бойы қызмет көрсетуін қамтамасыз етіп, жұмысын күшейту керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Халықты ақпараттандырудың сапасы төмендігін сынға алған Мемлекет басшысы бұқараның әр түрлі ем-шараны жасап, зардап шегіп жатқанын да жеткізді.
ЕКІ АПТАДА ЖАҒДАЙ ТҮЗЕЛМЕСЕ, ҮКІМЕТТІҢ ТАРАУЫ МҮМКІН
«Үкіметтің және әкімдердің қабылданған шараларды түсіндіруінде олқылықтар бар. Олардың қоғам пікірімен тиісті деңгейде жұмыс істей алмай отырғаны байқалды. Бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Денсаулық сақтау саласындағы халықтың күмәнін қалыңдатқан жайттарды жайып салды. Мәселен, емдеу хаттамасының өзгере беруі көпшіліктің күдігіне түрткі болған.
«Мәселен, бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне, осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамдары қате болды.
Алдағы екі аптада жағдай түзеледі деп үміттенемін. Олай болмаса, «Үкімет осы құрамда одан әрі жұмыс істей ала ма?» деген мәселе туындайды», – деді Президент.
Президент сонымен бірге, кейбір әкім ескерту мен қатаң ескерту алғанын еске салды.
«Барлық әкімдер мен бірқатар министрлер жазалауға лайық. Мемлекеттік басқаруды қайта құру қажет. Ол жергілікті өзін-өзі басқаруды айтарлықтай күшейтуді көздейтін саяси реформаның бір бөлігі болады. Біз экономиканы халыққа бұруымыз керек», – деді Тоқаев. Бұған қоса, Президент министрлерге, әкімдер мен Президент Әкімшілігі қызметкерлеріне демалысқа шығуға тыйым салды.
«Осымен жаздың жартысы өтті. Министрлер, әкімдер, Президент Әкімшілігінің қызметкерлеріне ешқандай еңбек демалысы жоқ. Өйткені, төтенше жағдай орын алып отыр. Демалыс деген сөзді ұмытыңыздар», – деді Президент.
Қызғалдақ АЙТЖАН.