Жаңалықтар

Агроөнеркәсіп кешенінде жаңа сақтандыру жүйесі іске қосылды

Еліміздің агроөнеркәсіп саласында жаңа сақтандыру жүйесі іске қосылды. Оның сақтандыру операторы «ҚазАгро» Холдингінің еншілес компаниясы – Ауыл аруашылығын қаржылай қолдау қоры болып табылады.

2004-жылдан бері Өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істеп келген болатын. Ал, мына жаңа жүйе одан ерекше болмақ.

1. Агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру енді ерікті түрде болады.

2. Салаларға шектеу жоқ. Аграрлық сектордың кез келген бағыты сақтандырылады.

3. Сақтандыру сыйақыларын мемлекет субсидиялайды. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді ынталандыруға және сақтандыру шартын жеңілдетуге бағытталған. Сақтандыру сыйақы сомасының 50%-ын мемлекет субсидиялайды. Ол үшін биыл республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді.

Ауыл шаруашылық тауарын өндірушілердің мүдделерін қорғау мақсатында жүйеде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің лицензиясы бар сақтандыру компаниялары ғана жұмыс істей алады.

Жаңа жүйеде әлемдік сақтандыру нарығында “А” рейтингі бар үш халықаралық қайта сақтандыру компаниясы жұмыс істейтін болды. Олар отандық компаниялар сақтандыратын тәуекелдерді қайта сақтандырады. Бұл сақтандыру тәуекелдері туындаған жағдайда кепілді төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Шарт жасасудан бастап төлеммен аяқталатын барлық процедуралар электронды цифрлық қолтаңба арқылы Qoldau.kz электронды платформасында жүргізіледі. Процестерді автоматтандыру адами факторды азайтады және жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді.

Сақтандыру жағдайы туындағаны туралы Qoldau.kz жүйесіндегі жеке кабинетіне немесе жеке электронды поштасына келген хабарламаны алғаннан кейін сақтанушы (ауыл шаруашылық өнімін өндіруші) төлем жасайтын сақтандырушыға (сақтандыру компаниясына) өтініш береді.

Бұрынғы жүйедегі алынған деректер бойынша сақтандыру жағдайларының 60%-дан астамы ылғалдың жетіспеуінен, яғни құрғақшылыққа қатысты болды. Осыған байланысты өнімді құрғақшылықтан сақтандыру ерекше маңызға ие. Сондай-ақ, егіс науқанының аяқталу мерзімі де ескеріледі.

Ылғалдың жетіспеу қаупінен сақтандыру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер биыл 15 маусымға дейін сақтандыру шартын жасасуы қажет. Сақтандыру кезеңі 3 айды қамтиды. Яғни,15-мамырдан 15-тамызға дейінгі аралық есепке алынады.

Ылғалдың шамадан тыс болуына қатысты сақтандыру келісімшартын 15-тамызға дейін бекіту қажет. Сақтандыру 2020-жылдың 15-тамызынан 15-қыркүйегіне дейінгі аралықта жүргізіледі.

Алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру өнімдерінің нарықтағы қажеттілігі ескеріліп, тізімі кеңейтілетін болады.

Барлық сұрақтар бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на (8-7212) 21-14-15 телефон нөмірі бойынша хабарласуға болады.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button