10 сәуірге дейін жаңа Конституция ел бойынша кеңінен таратылмақ
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға жаңа Конституцияны жаппай таралыммен басып шығарып, электрондық платформаларда орналастыруды тапсырды.

– Жаңа Конституцияда мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына берік негіз болатын нормалар мен ережелер түгел қамтылған. Біріншіден, жаңа Конституцияның нормалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігіне бір апта ішінде тиісті Ақпараттық жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырамын. 2026 жылдың 10 сәуіріне дейін Конституцияны жаппай таралыммен басып шығарып, мемлекеттік органдарға, білім беру, мәдениет ұйымдарына, кітапханалар мен сауда орындарына жеткізу керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне Конституция мәтінін жалпыға қолжетімді электрондық платформаларда орналастыру тапсырылды.
Сондай-ақ білім беру саласы үшін мектептерде, колледждерде және университеттерде Конституция ережелері бойынша оқу сабақтарын өткізу тапсырылды.
– Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне 20 сәуірге дейін тиісті әдістемелік нұсқаулар мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеуді тапсырамын, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



