10 000 теңгелік купюра «Banknote of the Year» сыйлығын жеңіп алды
Қазақстанның Тәуелсіздігімен қатар пайда болған ұлттық теңге – елдің ең маңызды рәміздерінің бірі, егемендіктің айғағы. Ұлттық валюта айналымға енген күн – 1993 жылдың 15 қарашасы бүгінгі ұрпақ үшін мемлекеттік тұрақтылықтың, қаржылық сенімнің және елдік рухтың символына айналды. Теңге сол сәттен бастап, ұлттық мақтанышқа айналды.

Теңгенің экономикалық маңызы орасан. Ол елдің қаржы айналымын реттеп қана қоймай, халықтың сенімін қалыптастырды. Рубль аймағынан шыққан тұста Қазақстан ауыр кезеңді бастан өткерді, алайда, теңге енгізілгеннен кейін қаржы жүйесі біртіндеп тұрақтала бастады. Ұлттық банк ақша айналымын қадағалап, инфляцияны тежеу, нарықтағы тұрақтылықты сақтау, айырбас бағамын реттеу бағытында батыл саясат жүргізді. Содан бері теңге мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді.
Уақыт өте әлемнің қаржы нарығы түбегейлі өзгерді. Ақпараттық технологиялардың дамуымен бірге электронды төлем жүйелері мен цифрлық банкинг өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Егер бұрын әрбір сауда келісімі қағаз ақшамен жүзеге асса, бүгінде бірнеше секунд ішінде ұялы телефон арқылы ақша аударуға мүмкіндік бар. Осындай сәтте кейбіреулер «қағаз теңгенің дәуірі өтті» деп ойлауы мүмкін. Алайда, бұл қате пікір. Электронды ақша – сол теңгенің жаңа пішіні ғана. Оның форматы өзгергенімен, мәні мен маңызы сол күйінде қалды. Теңге – мемлекет экономикасының қаны іспетті, ол онлайн не офлайн болсын, елдің ішкі қаржы жүйесінің жүрегі.
Ұлттық Банк қазір «Цифрлы теңге» жобасын кезең-кезеңімен іске асыруда. Бұл бастама төлем қауіпсіздігін арттырып, көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған. Цифрлы теңге қағаз ақшаны алмастырмайды, керісінше оны толықтырып, заманауи өмір талабына бейімдейді. Цифрлы валюта әлемдік қаржы жүйесінің болашағына айналуда, ал, Қазақстан бұл үрдістен қалыс қалған жоқ. Бұл – теңгенің тұрақтылығы мен өміршеңдігінің дәлелі.
Теңгенің ерекшелігі тек оның экономикалық қызметінде емес, оның бейнесінде, эстетикалық қуатында жатыр. Әлем елдерінің валюталары – сол ұлттың мәдени бейнесі. Мәселен, АҚШ долларының беделі тарихының ұзақтығымен өлшенсе, жапон иенасы мен ағылшын фунтының күші – экономикалық дәстүрдің жалғасында. Ал біздің теңгенің ерекшелігі – ұлттық рух пен мәдениет үйлесімінде. Қазақтың ою-өрнегі, алтын түстес бейнелер, мемлекет нышандары – бәрі теңгеде тоғысып, оны көрген жанға ел тарихын еске салады.
Теңге әлемдік сарапшылар тарапынан да жоғары бағаланған. 2011 жылы Қазақстан теңгесі дизайн және қорғаныс элементтері жағынан әлемдегі ең үздік банкноттардың қатарына енген. 2013 жылы Ұлттық банк шығарған 10 000 теңгелік купюра «Banknote of the Year» халықаралық байқауында бірінші орын алды. Бүгінгі теңге – әлемдік деңгейде мойындалған эстетикалық және технологиялық туынды. Ондағы түстер үйлесімі, көркемдік нақышы, ұлттық рәміздердің шебер берілуі – көрген көзге мақтаныш.
Көптеген елдерде ұлттық валютаға деген көзқарас – ұлттық сана деңгейінің көрсеткіші саналады. Мәселен, жапон халқы иенаны мемлекетінің сенім белгісі ретінде қадірлейді, швейцариялықтар франкіні ел беделінің айнасы деп санайды. Сол секілді теңге де біз үшін Отанның бейнесі, рухтың өлшемі болуы тиіс. Оған деген құрмет – елге деген құрметпен тең.
Қазіргі уақытта теңге тек төлем құралы ғана емес, ұлттық экономикадағы тұрақтылықтың, мемлекеттілік мәдениетінің нышаны. Электронды дәуірдің келгені қағаз ақшаны жоймайды, керісінше, оның тарихи миссиясын тереңдете түседі. Қолымыздағы теңге – мемлекетке деген сенімнің символы, ал цифрлы теңге – сол сенімнің жаңа бейнесі. Екеуін де ұқыпты, құрметпен пайдалану – әрбір азаматтың парызы.
Теңге – елдің дербес шешім қабылдау құқығының, тәуелсіз экономикасының белгісі. Ол тек экономикалық емес, рухани құндылық. Әлемнің әр мемлекеті өз валютасын мақтаныш көреді, ал теңге – біздің елдік намысымыздың көрінісі. Бүгінгі буын теңгенің тарихын біліп, оның қадірін түсінсе, ертеңгі ұрпақ елдің экономикалық сенімін сол дәрежеде сақтап қалады.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



