1 желтоқсаннан бастап елімізде не өзгереді?
Бүгіннен бастап елімізде бірден бірнеше салада жаңалық болады.

Тәуелсіздік күні
16 желтоқсан – қазақ тарихындағы ең атаулы күндердің бірі. Қазір 16 желтоқсан ұлттық мереке болып есептелмейді. Бұл мәртебе 25 қазан – Республика күніне берілген. Дегенмен 16 желтоқсанның символикалық мәні мен тарихи маңыздылығын жоғалтпады.
Автолизинг бағдарламасы іске қосылады
Бүгіннен бастап ел азаматтары жеңіл автокөлікті лизинг арқылы сатып ала алады. Ал көлігіне қысқы дөңгелек салмағандар айыппұл арқалайды. Бұдан бөлек, жаңа әуе рейстері мен теміржол бағыттары іске қосылады.
Сонымен елімізде жеке тұлғаларға көлікті лизинг арқылы беру тетігі іске қосылды. Лизинг дегеніміз — ұзақ мерзімге автокөлікті, жабдықты немесе техниканы жалға беру түрі. Лизинг компаниясы белгілі бір мүлікті сатып алып, оны адамдарға өзара келіскен мерзімге пайдалануға береді. Жалға алушы сол мүлікті ай сайын немесе келісім бойынша төлемдер жасап пайдалана алады.
Мерзім аяқталған соң үш түрлі таңдау беріледі:
Мүлікті толық сатып алу – барлық төлемдер жасалғаннан кейін көлік меншігіңізге өтеді.
Мүлікті қайтару – мерзім біткен соң көлікті лизинг компаниясына қайтарасыз.
Жаңа мүлікке ауыстыру – ескі көлікті қайтарып, жаңасын лизинг арқылы аласыз.
– Лизинг – автомобильді ұзақ мерзімге жалға алып, мерзімі аяқталған соң оны толық сатып алуға мүмкіндік беретін құрал. Автонесиеден басты айырмашылығы – сатып алушы көлікті пайдалану кезеңіндегі амортизациясына төлейді, сондықтан жарнасы мен ай сайынғы төлемі арзанырақ шығады. АҚШ-та адамдар екі-үш жыл лизингке алған көлігін пайдаланып, кейін жаңа көлікке ауыстырады. Ең басты қауіп – лизингке көлік берген кәсіпорын банкротқа ұшыраса, адам көліктен айырылып қалуы мүмкін, – деді Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков.
Қысқы дөңгелек ауыстырмаған жүргізушілерге айыппұл салынады
Ел заңнамасына сәйкес, бүгіннен бастап ақпанның соңына дейін қысқа арналған дөңгелекпен жабдықталмаған көлік құралын пайдалануға тыйым салынады. Жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілерге айыппұл салынады. Бірінші рет полиция құрығына іліккендер 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл төлейді. Ал қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 39 320 теңгеге жетеді.
Айта кетерлігі, 2026 жылдың 1 қаңтарынан елімізде АЕК 4 325 теңге болады. Демек айыппұл көлемі де арта түседі.
«Наурыз» ипотекасы бойынша өтінім қабылдау аяқталады
Қазақстанда «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдау аяқталды. Ол 2025 жылғы 3 қарашадан 1 желтоқсанға дейін өтті.
Бағдарламаға «Отбасы банк» салымшылары, сондай-ақ кемінде 2 миллион теңге жинақталған депозиті бар және кейінгі бес жыл ішінде тұрғын үйге иелік етпеген (оның ішінде олардың отбасы мүшелері де) тұтынушылар қатыса алды.
Сонымен қатар, 17 қарашадан бастап «Наурыз Әскери» – жаңа тұрғын үй сатып алуға және «Әскери баспана» – қайталама нарықтан үй алуға арналған екі жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды.
FlyArystan Астана-Үрімші рейстерін жалғастырады
FlyArystan әуекомпаниясы 1 желтоқсаннан бастап қысқы маусымда Астана – Үрімші – Астана бағыты бойынша тікелей рейстерді жалғастырады. Рейстер 2026 жылғы 23 наурызға дейін аптасына екі рет: Астанадан Үрімшіге дүйсенбі және сенбі күндері, кері бағыттағы рейстер сейсенбі және жексенбі күндері орындалады.
Астана – Үрімші бағыты бойынша алғашқы рейс 2023 жылғы 21 қыркүйекте орындалып, FlyArystan әуекомпаниясының Қытайға алғашқы әуе қатынасының бастауы болды. Бұл бағыт жолаушылар арасында тұрақты сұранысқа ие, ал Қазақстан мен Қытай арасындағы қолданыстағы визасыз режим туристік және іскерлік сапарлардың өсуіне ықпал етеді.
Таиландтық лоукостер Алматыға ұша бастайды
Таиландтың Thai Air Asia X компаниясы бүгіннен бастап аптасына төрт рейспен Airbus A330 ұшағын пайдалана отырып, Алматы мен Бангкок арасындағы әуе қатынасын ашады. Сонымен қатар, Thai Air Asia X Алматыдан Еуропаның Берлин (Германия) және Манчестер (Ұлыбритания) қалаларына Қазақстанның «ашық аспан» режимінде «әуе еркіндігінің» 5-ші дәрежесімен рейстерді орындауға қызығушылық танытып отыр.
Жаңа рейс Қазақстан мен Таиланд арасындағы туризм алмасуын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін саяхатшылар үшін Алматыға жолды жеңілдетіп, қаланың Орталық Азиядағы туристік орталық ретіндегі беделін арттырады.
14 желтоқсаннан Алматы–Ташкент пойызы күн сайын жүреді
14 желтоқсаннан бастап «Алматы — Ташкент» халықаралық бағыты бойынша Тальго пойызының қозғалыс кестесі күнделікті режимге ауысады. Бұл шешім тәулігіне 400-ден астам жолаушыны тұрақты түрде тасымалдауға мүмкіндік береді. Бағытқа жоғары жайлылық деңгейіне ие Тальго құрамдары шығарылады.
Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан және теміржол вокзалдарының билет кассаларынан сатып алуға болады. Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы білуге болады. Пойыздардың нақты келу және жөнелту уақыты туралы ақпарат tablo-railways.kz онлайн-таблосында қолжетімді.
Дәрі мен медициналық құралдарды тіркеу ережелері өзгереді
Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар немесе медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Ведомство басшысының бұйрығы 2025 жылғы 1 желтоқсанда күшіне енеді.
– Мемлекеттік тіркеу кезінде дәрілік заттарға, Қазақстанда өндірілген дәрілік заттарды қоспағанда, тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі 5 жыл болып белгіленеді, – делінген бұйрықта.
Қазақстанда өндірілген дәрілік заттарды, сондай-ақ медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеу кезінде мерзімсіз тіркеу куәлігі беріледі.
Желтоқсанда қанша күн демаламыз?
Желтоқсан айында 5 күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 8 күн, ал 6 күн жұмыс істейтін азаматтар 4 күн демалады.
Желтоқсан айындағы басты мереке 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні сейсенбіге келіп тұр. Мерекеге орай қазақстандықтар 16 желтоқсан бір күн демалады.
31 желтоқсан жұмыс күні болып қала береді.
Желтоқсан айында күн жылы болады
Қазгидромет мәліметінше, алдағы уақытта жылы ауа ағыны белсенді түрде оңтүстіктен келе бастайды. Сонымен бірге арктикалық суық та бізге дейін жететін болады. Салдарынан жарты тәулік ішінде ауа температурасы 10–20 градусқа өзгеріп кетуі мүмкін. Бұл суық ауа ағыны, тіпті еліміздің оңтүстігіне дейін жететін кездері болады.
Жалпы алғанда желтоқсан айы синоптиктер болжамына сәйкес, жылы болады әрі жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болмақ.
Кім кәсіби мерекесін атап өтеді?
Желтоқсандағы кәсіби мерекелер тізімі мынадай:
Адвокатура күні – 5 желтоқсан
Прокуратура күні – 6 желтоқсан
Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің күні – 13 желтоқсан
ҚР Мемлекеттік фельдъегерлік қызметі күні – 20 желтоқсан
Мұрағатшы күні – 22 желтоқсан
Оқушылар қысқы каникулға кетеді
Оқу жылының кестесіне сәйкес, екінші тоқсанда 8 оқу аптасы бар.
Қысқы каникул 2025 жылғы 29 желтоқсанда басталып, 2026 жылғы 7 қаңтарды қоса алғанда 10 күнге жалғасады.
«Газбаллон», «Қауіпсіз Жаңа жыл» және «Пиротехника» акциялары өтеді
24 қарашада ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті мен ІІМ Әкімшілік полиция комитеті жаппай жаңа жылдық мерекелер кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін барынша азайтуға бағытталған алдын алу іс-шараларының бірлескен жоспарына қол қойды. Соған сәйкес 1 желтоқсаннан бастап ТЖМ мен ІІМ қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған ауқымды профилактикалық науқанды – «Газбаллон», «Қауіпсіз Жаңа жыл» және «Пиротехника» акцияларын бастайды.
«Газбаллон» акциясы газбаллон жабдығын пайдаланумен байланысты бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Акция аясында автожолдар мен паркингілерде рейдтер жүргізу, үй басқарушы ұйымдардың басшыларымен және тұрғын алаптардың тұрғындарымен кездесулер ұйымдастыру, газ құю станцияларының қызметкерлерімен профилактикалық әңгімелер өткізу көзделген.
«Қауіпсіз Жаңа жыл» акциясы жаппай жаңа жылдық мерекелерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат тұтады. Эвакуациялық шығуларды, өрт дабылы жүйелерін тексеруді және өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтауды, сондай-ақ кәсіпкерлермен және мерекелік кештерді ұйымдастырушылармен кездесулерді қоса алғанда, жаппай жаңа жылдық іс-шаралар өткізілетін орындарда профилактикалық жұмыс жүргізіледі.
«Пиротехника» акциясы пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде өрт пен жарақаттанудың алдын алуға бағытталған. Пиротехниканы сақтау және өткізу орындары бойынша бірлескен рейдтер жоспарланған.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



