1 қыркүйектен бастап білім саласында қандай өзгерістер болады?

● Жаңа оқу жылынан 4 мектеп өз жұмысын бастайды. Олар – Қарағанды, Балқаш қалалары, Шет ауданы және Талды ауылында ашылады.
*
● 1 қыркүйектен бастап мектеп асханасында тамақтандырудың жаңа стандарты енгізіледі. Бұл жүйе ас мәзірі құрылымын және ұйымдастыру тәртібін түбегейлі өзгертпек.
*
● Еліміздегі барлық мектептерде біртұтас тәрбие беруге бағытталған «Адал азамат» бағдарламасы енгізіледі.
*
● Мектептерде «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері қолданыла бастайды.
*
● Еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтары басталады.
*
● «ProfiWay» цифрлық платформасы мектептерде іске қосылады. Платформа өңірдегі сұранысқа ие мамандықтар, оқу орындары мен кәсіпорындар туралы ақпарат ұсынады.
*
● Қосымша білім беру жүйесінде жаңа пилоттық жоба іске қосылады. Ол «1 бала – 1 ваучер» қағидаты бойынша іске асырылатын болады. Нәтижесінде балалар тегін үйірмеге барады.
*
● Қарағанды қаласында №4 мектеп-интернатта ақыл-ойының дамуы жеңіл және орташа деңгейде бұзылған балаларға арналған төрт арнайы сынып ашылады.
*
● Облыстағы барлық арнайы мектеп-интернаттарға ресурстық орталық мәртебесі беріледі. Күзге қарай ресурстық орталықтар санын он екіге көбейту жоспарланған.
*
● Қарағанды облысында жаңа ауқымды бастама – «Кітап оқитын ұлт» жобасы іске қосылады. Мақсаты – елімізде тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру.
*
● Жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің шәкіртақысы 52 мың теңгеге, педагогикалық мамандықтарда 84 мың теңгеге өседі.
*
● Өңір мектептерінде бейіндік сыныптар ашылмақ. 50-ге жуық сынып ашу жоспарлануда.
*
● Қазақстан мектептерінде ішкі безендіруді біріздендіру бойынша бірыңғай дизайн-код кезең-кезеңмен енгізіледі. Бүгінде 100-ден астам жаңа «Келешек мектептері» бекітілген брендбук негізінде салынып жатыр.
*
● Оқу басталғанда Теміртау жоғары политехникалық колледжінде «гидротехникалық құрылыс» және «мелиорация» бағыттары бойынша су шаруашылығы компетенциялары орталығы жұмыс істей бастайды. Бұл орталық заманауи оқу-өндірістік база болмақ.
*
● Мектеп пен колледждерде «Жаһандық құзыреттілік» пәнін оқытатын 6 мыңға жуық мұғалім бес күндік курстан өтеді. Бағдарлама қаржылық сауаттылық дағдыларын дамытуға арналған.
*
● Директорлық кадрлық резервті қалыптастыруға бағытталған «Болашақ басшы» жобасы басталады.
Дайындаған Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»