1 шілдеден бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енеді
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда бірнеше әлеуметтік-экономикалық және әкімшілік жаңашылдықтар енгізіледі.

Газдың шекті бағалары өзгертіледі
Елімізде тауарлық газдың жаңартылған шекті бағалары қолданысқа енгізіледі. Енді тарифтер тұтынушылардың санатына байланысты сараланады.
• Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары үшін ірі коммерциялық тұтынушыларға арналған ең жоғары шекті баға – ҚҚС-сыз 1 000 текше метр үшін 76 686 теңге көлемінде белгіленді.
• Қалған тұтынушылар үшін баға әлдеқайда төмен болады. Бұл топтағы ең жоғары тариф – Алматы, Алматы облысы және Ұлытау облысында – 1 000 текше метр үшін 39 979 теңге.
Сонымен қатар, сұйытылған мұнай газына арналған көтерме баға қазіргі деңгейде сақталады. Энергетика министрлігі 2025 жылдың 1 шілдесі мен 31 желтоқсаны аралығында бұл газ түрінің шекті көтерме бағасын 51 932 теңге/тонна мөлшерінде қайта бекітуді ұсынды.
Жаңа кәсіби мереке – Көлік қызметкерлерінің күні
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіби мерекелер тізбесіне толықтыру енгізді. Енді шілденің бірінші жексенбісі – Теңіз және өзен көлігі қызметкерлерінің күні ретінде атап өтіледі. Бұл мереке биыл алғаш рет – 6 шілде күні тойланады.
Кәсіби қабылдаушы отбасылар пайда болады
Оқу-ағарту министрлігі бекіткен жаңа ереже бойынша 1 шілдеден бастап Қазақстанда кәсіби қабылдаушы отбасылар институты жұмыс істей бастайды. Бұл – әлеуметтік қолдауға мұқтаж төрт балаға дейінгі балаларды уақытша отбасына орналастыруды көздейтін жаңа жүйе.
Кәсіби тәрбиеші бола алатын азаматтар:
• 30 бен 63 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары;
• Арнайы талаптарға сай келетін және оқудан өткен тұлғалар.
2025 жылы төленетін төлемдер:
• Қабылдаушы тәрбиешіге – 70 АЕК (275 240 теңге) еңбекақы;
• Әр балаға – 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде жәрдемақы.
EXPO шары жаңа мақсатта пайдаланылады
Астанадағы әйгілі Nur Alem сферасы (EXPO шары) қайта бейімделеді. Үкімет бұл нысанды QazExpoCongress компаниясынан алып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне береді.
Қазіргі уақытта павильонда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық музейлік экспонаттар өзге музейлерге тақырыптарына қарай таратылды. Жаңартылған сфера қазан айында Digital Bridge форумы аясында қайта ашылады.
Банктер есептілікті жаңа форматта тапсырады
1 шілдеден бастап елдегі банктер, шетелдік банктердің филиалдары, «Қазпошта» және Қазақстанның даму банкі банк шоттары бойынша жаңа есептілік түрлерін Ұлттық банкке ұсынуға міндеттеледі.
Берілетін мәліметтерге мыналар кіреді:
• Шот иелері туралы;
• Шарттар мен операциялар туралы ақпарат;
• Ай сайынғы қозғалыстар туралы деректер.
Мәліметтер бастапқыда обезличено түрде беріледі, бірақ қажет болған жағдайда ИИН немесе БИН көрсетілуі мүмкін. Бұл жаңашылдық қаржылық ашықтықты арттыру мен заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Кассациялық соттарға арналған департамент құрылады
2025 жылғы 1 шілдеден бастап Астанада үш жаңа кассациялық сот жұмысын бастайды:
• Азаматтық істер бойынша;
• Қылмыстық істер бойынша;
• Әкімшілік істер бойынша.
Олардың жұмысын қамтамасыз ету үшін арнайы Кассациялық соттар департаменті құрылмақ. Барлығы 90 судья қызметке кіріседі. Қаржыландыру республикалық бюджет шеңберінде жүргізіледі және жалпы бағдарламалық шығындардың 6,5%-нан аспайды.
Тұрмыстық химия тауарларын таңбалау басталады
Қазақстанда тұрмыстық химия өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба басталады. Оған мыналар кіреді:
• Сабын;
• Жуу құралдары;
• Ылғал салфеткалар және т.б.
Жоба шеңберінде кодтарды қолдану әдістері, бизнес-процестермен интеграция, жүйенің тиімділігі сынақтан өтеді.
Шілде айындағы демалыс күндері
2025 жылғы шілде айында бес күндік жұмыс кестесімен жұмыс істейтін қазақстандықтар 9 күн демалады, 22 күн жұмыс істейді. Ал алты күндік жұмыс режимі бар азаматтарды 5 демалыс және 26 жұмыс күні күтіп тұр.
Астана күні – 6 шілде (жексенбіге) сәйкес келетіндіктен, демалыс 7 шілдеге (дүйсенбі) ауыстырылады. Осылайша, қазақстандықтар 5, 6 және 7 шілде күндері қатарынан үш күн демалады.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА