1 шілдеден қандай жəрдемақы өсті?
Əлеуметтік кодекстің 1 шілдеден бастап күшіне енуіне байланысты азаматтардың жекелеген санаттары үшін мемлекеттік əлеуметтік жəрдемақылардың мөлшері, сондай-ақ, Мемлекеттік əлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен жəне асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төлемдер 14,5 пайызға өсті. 7 жəне одан да көп бала тəрбиелеген, марапатталған аналарға берілетін жəрдемақы 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Бұл туралы Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа кодекс аясында 2023 жылғы 1 шілдеден бірқатар мемлекеттік жəрдемақы түрі орта есеппен 14,5 пайызға көбейді. Атап айтқанда, ол тізімде мүгедектікке байланысты, асыраушысынан айырылғанда тағайындалатын жəрдемақылар, арнайы əлеуметтік жəрдемақылар, мүгедектігі бойынша айлық жəрдемақы мөлшеріне дейін жасына байланысты зейнет ақы төлемдеріне қосымша ақы алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші, екінші жəне үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жəрдемақылар, Байқоңыр қаласында тұратын жəне Ресей Федерациясының заңнамасына сəйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арнаулы мемлекеттік жəрдемақы, саяси қуғын-сүргін құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдарға арнаулы мемлекеттік жəрдемақы, Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға арнаулы мемлекеттік жəрдемақы бар.
«Осылайша, жоғарыда аталған жəрдемақы түрлерін 2022 жылмен салыстырғанда осы жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5 пайызға өсуді ескере отырып, 23 пайызға ұлғайту қамтамасыз етіледі. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 37 млрд. теңге бөлінді. Бұдан басқа, 2023 жылғы 1 шілдеден бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға жəне мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тəрбиелеп отырған анасына немесе əкесіне, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) берілетін мемлекеттік жəрдемақыларды 14,5 пайызға арттыру көзделген», – деп мəлімдейді министрліктің баспасөз қызметі.
Əлеуметтік кодексте сонымен қатар, «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I жəне II дəрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталғандарға төленетін жəрдемақы мөлшерін саралау да қарастырылған.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz



