1 млн теңгеден асқан мобильді ақша тексеріледі
Қазақстанда қыркүйек айынан бастап мобильді аударымдарға қатысты жаңа бақылау қолданысқа енгізіледі. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, азаматтың атына үш ай ішінде түскен қаржының жалпы көлемі 1 миллион теңгеден асқан жағдайда, ол қаражат кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс ретінде қарастырылады.

Комитеттің түсіндіруінше, егер бір жеке тұлға үш ай ішінде өзінің банк шотына әртүрлі адамдардан 100-ден астам аударым қабылдаса және бұл қаражат ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 12 еселенген мөлшерінен асып түссе, онда ол кәсіпкерлік қызметтен түскен кіріс ретінде есептеледі.
2025 жылы ЕТЖ 85 мың теңгені құрайды. Осыған сәйкес, белгіленген сома 1 020 000 теңге.
Банктер белгілі бір мерзім ішінде мобильді аударымдардың саны мен көлемі белгіленген шектен асқан тұлғалар туралы мәліметті мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды. Кейін салық органдары алынған ақпаратты талдап, көрсетілген талаптарға жатпайтын азаматтарға бақылау жүргізбейді.
Егер кәсіпкерлік қызмет белгілері анықталса, салық органдары азаматқа заңбұзушылықты жою туралы хабарлама жібереді.
Хабарламаны орындау үшін 30 жұмыс күні беріледі. Аталған мерзімде талап орындалмаса немесе толық орындалмаса, мемлекеттік кірістер органдары тақырыптық салықтық тексеру жүргізуді бастайды.
Жамал АКПАРОВА