Медицина

1 қазаннан бастап вирус жұқтыру дерегі күрт өскен

Елде 1,5 миллионнан астам қазақстандықтан коронавирус анықталған. Бұл туралы  денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Оrtalyq.kz BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

– Ел аумағында SARS-CoV-2 вирусының генетикалық сипаттамасын анықтау кезінде биыл қараша айында Омикрон нұсқасының айналымы да анықталды. Оның 0,5 пайызында BQ 1.1 (Цербер) субгенетикалық желісі, 99,5 пайызында – Омикрон штамының басқа нұсқалары анықталды. Цербер нұсқасы қазіргі уақытта әлемнің 65-тен астам елінде анықталған және омикронның бұрынғы кіші түрлерінен айырмашылығы жоқ. Ауру көбінесе жедел респираторлық ауру түрінде жеңіл өтеді, – деді ведомство басшысының орынбасары. 

Сонымен қатар ол республикада желтоқсанда вирус жұқтырғандардың көбейгенін айтты.

– Желтоқсанда қараша айымен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 2,3 есе өсуі байқалады. Тәулігіне 300-ге дейін КВИ+ және 20 жағдайға дейін КВИ- жағдайы тіркеліп жатыр. Мәселен, 28 желтоқсандағы жағдай бойынша коронавирустың оң нәтижесімен 1 402 049 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 90 512 жағдай тіркелді, – деді Айжан Есмағамбетова. 

Айтуынша, эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес 12 тамыздан бастап еліміз және барлық өңір жасыл аймақта. 

– Алайда R көрсеткішінің бір бірліктен жоғары болуы 15 өңірде байқалады. Бұл инфекцияның таралуының өскенін көрсетіп отыр. Қолданыстағы шектеу шараларына сәйкес, R көрсеткіші 1-ден жоғары тіркелген кезде халық көп жиналатын жерлерде маска кию ұсынылады, – деді вице-министр.

Сонымен қатар, елде 1 қазаннан бастап вирус жұқтыру дерегі күрт өскен.

– Ел аумағында эпидемиологиялық маусым басталғалы бері ЖРВИ-дың 2,2 млн жағдайы және тұмаудың 2 284 жағдайы тіркелген. Ауырғандардың 65 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. ЖРВИ және тұмау маусымы жыл сайын қазан-сәуір айларында өтеді. Биыл эпидемиологиялық маусым тұмау вирусының айналымының ерте басталуымен сипатталды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылық 10 пайызға өсті, – деді Айжан Есмағамбетова. 

Басқа материалдар

Back to top button