РесмиҮкімет

Толғаулы мәселелер талқыланды

Бейсенбі күні облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХL сессиясы онлайн режимде өтті. Сессия барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен пандемия кезіндегі дағдарысқа қарсы шаралар легі талқыға түсті.

Облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, биыл облыстық мәслихат депутаттарының тікелей араласуымен мәдени-бұқаралық, спорттық іс-шараларды, жарнама кампанияларын өткізу шығындарын қысқарту, бюджеттік инвестициялық жобаларды көшіру есебінен денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру, бизнесті қолдау және жұмыс орындарын құру көлемі ұлғайды.

Дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында облыс бойынша 30 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілерінің салықтары, банктер несиелері, жалгерлік төлемдері, коммуналдық төлемдері кейінге қалдырылды. «Бизнестің жол картасы – 2025», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары бойынша 830 жобаға қаржылық қолдау көрсетілді. 2,5 мың кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болады. Бұл 8 мыңға жуық жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бүгінде облыста 2 трлн. теңгеден астам сомаға 44 жаңа инвестициялық жоба іске асырылуда. 13 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Оның ішінде, 19 жоба – шетелдік капиталмен. Биыл 14 жаңа өндіріс ашылады, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан бөлек, өңірде жолдарды жөндеу және облыс мектептерінде күрделі жөндеу науқаны белсенді жүргізілуде.

Облыс бюджетіндегі өзгерістер туралы облыстың қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина нақтыланған қаржы құжатын ұсынды. Қайта бөлінген бюджет қаражаты денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдарын дамытуға бағытталған.

Кезектен тыс ХL сессияда депутаттық корпус бұрын тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында талқыланған бірқатар мәселелерді қарап, маңызды өзгерістер енгізді.

Сессия қорытындысында депутаттар тарапынан Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданының шекараларын өзгерту туралы ұсыныстарды ҚР Үкіметіне келісуге енгізу, облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 4 мамырдағы ХV сессиясының «Қарағанды облысы бойынша іске асыру жоспарланған жергілікті мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» №308 шешіміне өзгеріс енгізу, облыстық мәслихаттың кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу және кейбір шешімдердің күші жойылды деп тану, облыста мемориалдық тақталарды орнату туралы құжаттарды қарау жөніндегі облыстық комиссияның құрамын бекіту және тағы басқа мәселелер қолдау тапты.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button