Жаңалықтар

Айыппұлды онлайн төлеуге болады

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының ақпараты бойынша, egov.kz пайдаланушылары жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдарын онлайн түрде төлей алады.

Бұл мүмкіндікті egov.kz порталында тіркелген және ЭЦҚ бар азаматтар үйде отырып-ақ пайдалануына болады. Бұл қызмет жеке тұлғалардың қауіпсіздігін ескеріп жасалып отыр.

– Айыппұлдарды онлайн төлеудің артықшылығы – пайдаланушы үйден шықпай-ақ, құқықбұзу туралы жағдаймен танысып, оны жылдам төлей алады. Бұл ретте түбіртектің жеке қолданушының кабинетінде сақталатынын айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, құқықбұзушылық орын алғанда түсірілген суретті де алу мүмкіндігі қарастырылған. Ол салынған айыппұлдың заңдылығын анықтауға көмектеседі, – дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.

Порталда «Әкімшілік айыппұлдар мен жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдарды іздеу және төлеу» қызметіне қол жеткізу – басты беттегі «Көлік және коммуникация» бөлімін таңдап, одан кейін «Автомобиль көлігі» санаты батырмасын басу арқылы жүзеге асады. Ол үшін порталға тіркеліп, «Онлайн төлеу» батырмасына өту қажет.

Айыппұлды іздеп табу үшін ЖСН немесе ТАӘ және туған күнін енгізу керек. Айыппұлдары болса, пайдаланушының экранына орын алған құқықбұзушылықтар, сонымен қатар өтініш берушінің деректері, құқықбұзушылық деңгейі, оны анықтаған орган, құқықбұзушылық жасалған күні, хаттама толтырылған күні, хаттама нөмірі, салынған айыппұл сомасының көлемі шығады.

«Толығырақ» батырмасын басқанда алаңда құқықбұзушылықты тіркеу суреті көрінеді. «Төлеу» деген батырманы таңдаған жағдайда пайдаланушының жеке кабинетіне құқықбұзушылық үшін төленген түбіртек бекітіледі.

Азаматтардың әкімшілік айыппұлдар мен ЖҚЕ бұзғаны үшін айыппұлдарды онлайн түрде төлеумен қатар, ЖСН немесе жеке деректердің көмегімен құқықбұзушылықтарды үйде отырып-ақ қадағалап отыруға мүмкіндігі бар.

Қазынашылық шотына қаржы аударуды Банк 2 жұмыс күн ішінде жүзеге асыратынын атап кеткен жөн. Қызмет көрсетудің нәтижесі төлем туралы электрондық түбіртек болып табылады.

Мұндай жаңа мүмкіндіктерге қазіргі заманауи технологиялар арқылы қол жеткізудеміз. Бұл өз кезегінде елдегі күрделі жағдай кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға мүмкіндік берері анық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button