Қарағанды облысының дәріханаларына вирусқа қарсы препараттар жеткізілді

Облыстың ірі фармдистрибьюторы дәріханаларға ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы дәрілер мен антибиотиктерді жөнелте бастады. Бөлшек сауда жүргізетін дәріханаларға парацетамол, ингавирин, азитромицин және цефтриаксон жіберілді.

Маусым айының бірнеше күнінде дәріхана желісінен қызуды төмендететін, вирусқа қарсы препараттар мен антибиотиктердің кейбір түрлерінің бір айлық қоры сатып алынған болатын. Айта кету керек, дәрілерді жеткізу қарқыны да тоқтатылмаған еді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Денис Шәкенов пен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров бастаған арнайы мониторинг тобының мүшелері қаладағы дәріханалар мен фармацевтикалық қоймаларда сұранысқа ие және қажетті дәрілердің бар-жоғын тексерді.

Қазір парацетамолға деген сұраныс жоғары, ол өте тез сатылып жатыр. Ірі фармацевтикалық қоймада осы таблеткалардың 190 мың қаптамасы болғанына қарамастан, оларды сатуға жібермеді. Мұндай кідірістің себебі міндетті сертификаттаудан өту қажеттлігімен түсіндірілді. Осыған дейін осындай процеске бір ай уақыт қажет болатын. Ал қазір қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігінде бұл процедураны жеңілдетті. Алайда, бюрократиялық әрекеттердің салдарынан тауарды жедел жөнелту мүмкін болмады.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек дәрі-дәрмектерді жіберу процесін тездетуді тапсырды және бағаны негізсіз қымбаттатпау үшін арнайы органдардан жағдайды бақылауға алуды сұрады.

– Қазір біз жағдайды, әсіресе бағаны көтеру және қайта сату фактілерін мұқият қадағалайтын боламыз. Ол үшін заңда жауапкершілік көзделген. Ең қатаң шараларды қабылдаймыз, – деді Денис Шакенов.

Логистиканы ескере отырып, облыс дәріханаларына алдағы бірнеше күнде жоғары сұранысқа ие препараттар жеткізіледі.