Коронавирус

Дәрі бағасына күдіктенсеңіз…

Жағдай – күрделі. Екі адамның басы қосылса, әңгіме ауаны – дәрі тапшылығы мен баға қымбатшылығы. Әр дәріханада бір түрлі дәріге мың түрлі баға қойылғанын жыр қылып ырғап жүрміз. Енді мұндай заңсыздықтарға жол берілмейді. Егер, дәрі бағасына күдіктенсеңіз, бірден 8-701-7-109-109 номеріне (WhatsApp желісіне қосылған) хабарласыңыз. Бұл – аз уақытта ел сеніміне серпін беріп үлгерген «Сенім 109» қызметінің қосымша мессенджері. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасымен дәрі бағасы қатаң бақылауға алынып отыр.

Тек қана «Сенім 109» қызметіне жүгіну үшін ақпаратыңыз нақты, дауыңыз дәлелді болуы шарт. Мүмкіндігіңіз болып жатса, заң бұзушылық фактісін дәлелдейтін фото, бейне жазбалар ұсынуыңызға әбден болады. Әрбір шағым бойынша заң бұзушылық орын алған «қызыл нүктеге» арнайы топтар шығып, анықталған факт негізінде хаттама толтырылады. Сіздің қырағылығыңыз арқылы нақтыланған құқық бұзушылықтарды тиісті құзырлы органдар тексеріп, кінәлі тұлға әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Жасыратыны жоқ, дәл қазіргі жағдайда дәріхана желілерінде «өз тұтынушыларына» дәрі-дәрмекті есепсіз босатып, осы саладағы алып-сатарлыққа жол беріп, ықпалдасып отырған «серіктестік» белең алып барады. Сөйтіп, жасанды тапшылық пен жасанды қымбатшылыққа ие бола алмайтын сияқтымыз. Ал, мына байланыс желісі дәл осы сыбайластықтың жолын кеспек.

Сондай-ақ, бұл қызмет дәрі-дәрмек бағасынан өзге де заң бұзушылықтар бойынша тұрғындар талабын қабылдайды. Мәселен, жұмыс беруші Сізге қолданылған немесе бүлінген маска мен қолғап ұсынған жағдайда шағымыңызды осы номер арқылы жолдай аласыз. Ол аз десеңіз, індет жұқтырған әріптесіңіздің жұмысқа келуі немесе вирус тасымалдаушы адамдармен еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беру секілді фактілерді де тексерту мүмкіндігі бар. Індет қаупі іргелі болып тұрған бүгінгі жағдайда мұның барлығы берік қауіпсіздікке кепіл бола алады. Тіпті, қоғамдық орындар мен көліктерде антисанитариялық жағдайға куә болсаңыз, фото-бейне дәлелдер арқылы бұл келеңсіздіктерге тосқауыл қоя аласыз.

Сонымен қатар, дәрілердің Үкімет бекіткен шекті бағалары туралы ақпараттан бейхабар болсаңыз, «Dari KZ» мобильдік қосымшасын жүктеп алыңыз да, бағаларды салыстыра қойыңыз. Шағымдарыңызды да осы қосымшаға қалдыруыңызға болады.

Қысқасы, алыпсатарлық пен сыбайластықтың жолын кесіп, тосқауыл қоюға ықпалыңызды тигізіп, қатерлі дертпен күрсеуге Сіз де үлес қосыңыз!

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button