Нұра ауданының әкімі Аян ШАЛМАҒАНБЕТОВ өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуал мен «Жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы тікелей эфирде өткізген брифингте баяндады.
Бүгінде төтенше жағдай режимі алынғанымен карантиндік талаптар сақталуда. Осыған орай, Нұра ауданы аумағында арнайы мобильді топ құрылып, сауда, қоғамдық тамақтану орындары мен шаштараз тағы да басқа халыққа қызмет көрсететін орындарда карантиндік талаптардың сақталуы бақылануда.
Сауда орындарының ішкі тазалық тәртібі де бақылауға алынбақ. Бұл жерде де арнайы талаптарды орындау заңдылығы облыстық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, Нұра аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкерлерінің қадағалауымен жүргізілмек. Бұл талаптартың орындалу барысын Нұра ауданы әкімінің өкімімен құрылған мобильдік топ бақылауда.
Бүгінгі таңда аудан бойынша індетке шалдыққан 49 тұрғын тіркеліп, оның 45-інен кеселдің симтомсыз түрі анықталған. Бүгінгі таңда 29 науқас емделіп, симтомсыз түрі анықталған 20 тұрғын дәрігерлер бақылауында.
Аудан бойынша дизенфекциялық жұмыстар әкімшілік ғимараттарында, балалар ойын алаңдарында, халық көп жиналатын орындарда үнемі жүргізілуде. Бұл жұмыстардың бәрі арнайы құрылған мобильдік топтың бақылауында.
«Жол картасы 2020-2021» бағдарламасы негізінде 1250,2 млн. теңгеге 17 жобаның конкурсы аяқталып, 103,7 млн теңге қаражат үнемделген. Осы бағдарлама негізінде жүзеге асқан бұл жұмыстарға 149 жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту орталығы арқылы 85 тұрғын жұмысқа орналасқан. Бүгінде Нұра кенті мен Көбетей ауылының ішкі жолдарының жөндеу жұмыстары 100 пайыз орындалған. С.Талжанов, М. Жұмабаев, Қарақойын мектептерінде жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары 90 пайызға орындалса, Ы.Алтынсарин мектебіндегі жөндеу жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Мердігерлердің бәрі де берілген кестеге сай жұмыс атқаруда. Бағдарлама аясында Шахтер, Қайнар ауылдарының көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, көше шамдары орнатылуда. Сонымен қатар, Шайменов мектебі мен шағын орталығына, «Алтын дән» балабақшасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бағдарламаның ең салмақты бағыты екі бірдей жаңа жоба іске асқалы тұр. Бүгінде конкурстық жұмыстар аяқталып, мердігерлері анықталған. Бірі 157,5 млн. теңгеге Қарой ауылына тартылатын жаңа су құбыры болса, екіншісі 234,8 млн теңгеге «БалхашПромТехСтрой» серіктестігінің Нұра кентіне тұрғызатын жаңа бассейін құрылысы.
Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.
НҰРА ауданы.