Дәрігер кеңесін ескеру – маңызды

Сарапшылар коронавирус кезінде көбірек тынығуға және ішетін сұйықтық көлемін арттыруға кеңес берді. Иммунитетті көтеремін деп дәруменді шектен тыс пайдалану, жалған ақпаратқа сеніп, үрейге бой алдыру да бұл ретте ағзамызға кері әсерін тигізуі мүмкін. ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте берген мамандардың кеңесі осындай болды.

Астана медицина университетінің жедел медициналық көмек, Анестезиология және қарқынды терапия кафедрасының меңгерушісі Нұрила Малтабарова ағзаны нығайту үшін ұйқының пайдалы екенін, сол арқылы жүрек жүйесі демалатынын айтады. Ал, әлеуметтік желіде жиі айтылатын тыныс алу гимнастикасы кез келген жағдайда ұсыныла бермейді. Маман мұндай гимнастика науқастың жағдайын нашарлатумен қатар, жөтелді де күшейтетінін айтады.

Сондай-ақ, Нұрила Амангелдіқызы елімізде жағдайы ауыр науқастарға коронавирус індетінен жазылып шыққандардың қан плазмасын құюды бастағанын да атап өтті.

– Әлемде зерттеулер жүргізілуде. Олардың оң нәтиже көрсеткендері де бар. Сондықтан, біз жағдайы ауыр пациенттерге реконвалесцентті плазма құюды белгіледік. Қазірдің өзінде осы плазманы алып жатқан емделушілер бар, – деген маман індетті жеңіп, ем қажет еткендерге өздерінің қандарын тапсырып жатқандарға алғысын білдірді. Бірақ, мұндай ем түрі ауыр науқастарға ғана қолданылатынын, инфекциясының алдын алуда бұл негізсіз екенін де айту керек.

Брифинг барысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың өлім-жітіміне себеп болатын негізгі жағдай да аталды. Әлеуметтік желілерде клиникалық хаттамаға, өлім себептері туралы көп айтылатынына тоқталған Нұрила Малтабарова коронавирус инфекциясының қалай өтетінін, зардаптары мен асқыну жағдайларын, сондай-ақ өлім-жітім салдары жайлы да ақпарат берді.

– Өкпенің ісінуі – індеттің асқынған түрі. Осы кезде өкпе мен тамырлар арасында сұйықтықтың көп жиналуынан ісік пайда болады. Ал, оның соңы өлімге әкеледі. Өкпе ісігі созылмалы аурулары бар науқастар арасында көптеп кездеседі. Яғни, артериялық гипертензия, жүрек-тамыр аурулары, қант диабеті, семіздік сияқты диагнозы бар науқастар – тәуекел тобында. Жүректің, тамырлардың жеткіліксіз жұмыс істеуінен ағзада сұйықтық шамадан тыс көбейіп кететіндіктен, өкпеде ісік пайда болады, – деп түсіндірді Нұрила Амангелдіқызы.

Бұл ретте ағзадағы тәуліктік су көлемін қанға сұйықтық енгізу арқылы емес, ішу арқылы ғана толықтыру дұрыс екенін қадап айтты маман. Коронавирус инфекциясын емдеуде қабылданған клиникалық хаттамада да бұл жағдай нақты жазылған. Сондықтан, инфузиялық терапия, атап айтқанда, ерітіндіні көктамырға құю дәрігердің тағайындауы бойынша әрі пациенттің жағдайын бақылай отырып қана жүргізіледі.

Өкпе ісінуінің клиникалық белгілері көрініс берсе, онда инфузиялық терапия көлемі шектеледі. Клиникалық хаттамада ағзаға қажетті сұйықтық көлемін ішу арқылы ғана толтыру керектігі көрсетілген және анық жазылған. Мұның барлығы әр түрлі дәрігерлік қателерді болдырмау үшін жазылған, – деді сарапшы.

Иммунитетке сеніп, санитарлық нормаларды сақтамау дұрыс емес екенін ескертті Нұрила Амангелдіқызы. Қолды жиі жуып, үй-жайды желдету, әлеуметтік қашықтықты сақтау, адам көп жиналатын жерден аулақ болу коронавирус инфекциясын жұқтырмаудың бірден-бір жолы.

Яғни, ағзаның қорғаныш қабілеті жақсы болғанда, ауру белгілері білінбеуі мүмкін. Сондай-ақ, иммунитеті мықты бола тұра, ілеспе аурулары бар науқастардың өкпені жасанды желдету аппараты көмегімен демалған жағдайлары кездеседі екен.

Ал, С және Д дәрумендері иммунитетті нығайтуға және зат алмасу процесіне көмектеседі. Коронавирусты емдеуге тікелей әсері бар деген дәлел жоқ. Ағзаның ауруға қарсы күшін арттырамын деп үлкен дозалармен пайдалану дұрыс еместігін айтады Астана медицина университеті кафедрасының доценті Баян Тұрдалина.

Салтанат ІЛИЯШ.