Мамыраев ауылындағы мұра

Қазақ театр өнерінің негізін қалаушы, актер Қалибек ҚУАНЫШБАЕВ тұтынған бұйымдар туған жері – Мартбек Мамыраев ауылындағы музейдің төрінде тұр. Жәдігерлерді Қаллекидің ғасырлық мерейтойына орай ұлдары – Андабек пен Нәдір тапсырыпты.

Бүгінде музей төрінде тұрған күміс таяқты жазушы Мұхтар Әуезов режиссер Шәкен Аймановқа берген. Кейіннен Шәкең бұл таяқты Қалекеңе сыйлаған. Бұдан бөлек, жәдігерлер қатарындағы 1960 жылы Қаллеки зейнетке шыққанда қаламгер Сәбит Мұқанов иығына жапқан шапан, 1940 жылы Абай ролін сомдағанда киген тақия мен күртеше, өзбек ағайындар тарту еткен ала шапан жерлестері үшін құнды заттарға айналған.

Бұл өңірден елімізге белгілі танымал тұлғалар көптеп шыққан. Солардың бірі – Қалибек Қуанышбаев. Бір жылдары Қаллекидің шапандарын Елордаға әкетеміз дегенде, сол кезде аудандық музей басшысы болған Мейірхан Қасымжанов ағамыз алып қалды. Қазір жас ұрпақ музейге келіп, әр заттың тарихын қызыға тыңдайды. Кеуделерін мақтаныш кернейді. Қаллеки пайдаланған күміс ыдысаяқтар да бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын музейге арнайы келген Халық артисі Асанәлі Әшімов те Қалекең туралы естеліктерін айтып, қуанып кеткен болатын, – дейді Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің Мартбек Мамыраев ауылындағы филиалының меңгеруші Асхат Қасым.

Екі қабатты музей алдында Қалибек Қуанышбаевтың еңселі ескерткіші тұр. Халық артисінің 100 жылдық мерейтойына орай ашылған ескерткіштің құрылысы да ерекше. Бүгінде ғимаратқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.