АЛАЯҚТЫҚ астыңдағы атыңды алады
Облыстағы электрондық сауда көлемі жыл сайын, шамамен, 30 пайызға өседі десек, «күріштің арқасында күрмек су ішеді» демекші, онымен қоса-қабат интернет-махинациялар да көбейе түсуде. Алаяқтықтың небір құйтырқы тәсілдеріне машықтанып, қалаберді, тың түрлерін ойлап табатындардың арбауына түсетіндердің дені – болмысы аңғал жандар немесе қауіпсіздік шараларын білмейтіндер. Статистикалық деректер жағдайдың осындай екенін айғақтайды.
Жеңіл жолмен түсетін ақшаны көздегендер қай жерде және қашан болсын діттегенін жүзеге асыратын тәрізді. Мәселен, елімізде коронавирус инфекциясына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде тұрғындардың онлайн белсенділігімен бірге желідегі ұрлық саны, атап айтқанда, алаяқтық фактілері 30%-ға артқан.
Төтенше жағдай аяқталғанына қарамастан, облыста карантиндік шектеулер әлі де сақталуда. Сол себепті, кейбір тауарлар мен қызмет көрсету түрлері онлайн жұмыс істеуге мәжбүр. Осы кез – алаяқтардың арам ниеттерін жүзеге асыруға қолайлы уақыт.
Интернет-дүкендердің, онлайн-жеткізулердің қызметіне жүгінген тұрғындардың әрекеті олардың «айын оңынан» туғызды. Облыс прокуратурасының дерегінше, Қазақстан бойынша сатылатын автокөліктер жайлы хабарландыру жинақталған «Kolesa.kz» сайты «арамшөптің тамырына нәр беретін құнарлы топыраққа» айналған секілді. Мәселен, осы сайт арқылы автокөлік бөлшектеріне тапсырыс берген қарағандылық тауар құны – 40 мың теңге көлеміндегі соманы толық аударған. Ал, алдау жолымен ақшаға қол жеткізген алаяқ іле-шала байланысқа шығуын тоқтатқан. Instagram әлеуметтік желісі арқылы интернет-дүкеннен ұялы телефон сатып алуды ұйғарып, 140 мың теңге аударған тағы бір азамат та алдаудың құрбаны болған.
Жалпы, көлеңкелі экономикамен күресте онлайнсауда – оңтайлы тәсіл. Облыстық кәсіпкерлер басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваның айтуынша, электрондық сауданы дамыту 2018-2020 жылдарға арналған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіледі. Оның үстіне, 2022 жылға дейін онлайн-сауда үлесін 2,6%-ға арттыру да – жоспарда. Осы көрсеткішке қол жеткізу мақсатында 2019-2025 жылдарға арналған электрондық сауданы дамыту жөніндегі Жол картасы тағы бар. Оның діттегені – халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру. Соған қарамастан, алаяқтардың арбауына түскендер саны да күн сайын арта түсуде.
Әрине, бұл әңгіме карантин кезінде Instagram әлеуметтік желісі арқылы саудасын адал қыздырғандарға қатысты емес. Олардың көпшілігі сатып алушыдан белгілі бір тауар жеткізілгеннен кейін ғана ақша аударуды талап етеді. Бұл орайда сауаттылық – маңызды.
Отандық нарықтағы онлайн-сауданың негізгі өкілдері – халық тұтынатын тауарлар жеткізетін «flip.kz», тұрмыстық техника мен компьютер жеткізетін «shop.kz», қарағандылық «Mebels.kz» сияқты ірі компаниялар. Онлайн-сауданың жалынан мықтап ұстағандар да – осылар.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша алаяқтық, яғни, бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, болмаса, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін иемденгені үшін мүлкі тәркіленіп, 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Бұл – аз ақша емес. Одан бөлек, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін жаза да бар екенін естен шығармаған жөн.
Әлбетте, онлайн-алаяқтықпен белсенді күрес құқық қорғау органдарының пандемия кезіндегі ең өзекті мәселесіне айналды. Сондықтан, онлайн тапсырыс беріп, опық жемеу үшін тауарлар мен қызметтерді тексерілген, заңды интернет-көздерінен сатып алған жөн.
Салтанат ІЛИЯШ.