Жаңалықтар

Теннис корты ашылды

Даңғайыр дзюдошыларымен даңқы асқақтаған Қаражал қаласында басқа да спорт түрлерімен мақсатты негізде шұғылдануға ден қойыла бастады. Жуырда қолданысқа беріліп, жалпы қауымның игілігіне айналған теннис корты – соның бір айғағы. Жергілікті тұрғындар оны Мемлекет басшысының «Бұқаралық дене шынықтыруды дамыту пирамидаға айналуға тиіс, оның шыңында жаңа чемпиондар болады, ал оның негізінде біз дені сау, белсенді жастарға және сайып келгенде, мықты ұлтқа ие боламыз» деген тапсырмасына нақты іспен үн қату қадамы іспетті қабылдады.

– «Спорт – денсаулық кепілі», – демекші, оның қай түрі болсын, адам өмірінде айтарлықтай маңызға ие. Мемлекет үшін халықтың дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысуына жағдай жасап, қолжетімді ету – басты міндеттердің бірі. Қаланың дәл орталығында салынып, тұрғындардың пайдалануына берілгелі тұрған теннис корты – сол бағыттағы іс-әрекеттің нәтижелі көрсеткіштерінің бірі. Қазіргі уақытта теннис, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің арасында өте танымал спорт түрі. Ол адамның денсаулығына физикалық және психологиялық тұрғыда аса пайдалы, тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесін жақсартуға ықпалын тигізеді. Спорттың бұл түрімен үзбей шұғылдану арқылы қайрат-жігер мен жедел шешім қабылдау секілді қасиеттерді де дамытуға болады. Жаңа нысанда тенниспен шұғылданушылар қатары мол боларына сенеміз, – деді корттың ашылу рәсімінде сөз алған қала әкімінің орынбасары Дәурен Жақыпов.

Жалпы жұртшылықтың ыстық ықыласын бар саналы ғұмырын спорт саласына арнап, балаларды жаттықтыру ісімен үзбей шұғылданған еңбек ардагері Иван Бганцев жеткізіп, ел мүддесін ескерген қала басшылығына алғысын білдірді.

Лента қию құрметіне Қаражал қаласының Құрметті азаматы, байырғы спортшы Мешітбай Омар мен оқу озаты, «Болашақ-Қаражал» еріктілер қозғалысының төрағасы Алена Когтева ие болды.

Жалынды жастар флешмобы аталған шараның шырайын енгізе түсті.

Салтанатты рәсімнен кейін жаңа нысанның ашылуы құрметіне арналып, ерлер мен әйелдер арасында үлкен теннистен қалалық деңгейдегі турнир ұйымдастырылды. 

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button