Әйгілі революционер Угар ЖӘНІБЕКОВТІҢ қылышы мен тапаншасы бүгінде Қарқаралы аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр.
Угар Жәнібеков 1905 жылы Ресейдегі революциялық қозғалысқа қатысып, 1912 жылы Ленин кен орнындағы жұмысшылар қозғалысына басшылық жасаған. Сол жылдары ауыр жарақат алып, 12 жылға каторгаға айдалған. Түрмеде ол революционерлер – М.Фрунзе, В.Куйбышев және М.Калининмен танысады. 1917 жылдан бастап большевиктер партиясының мүшесі болады. 1920- 1921 жылдары Сәкен Сейфуллинмен бірге Ақмола губерниясында қызмет істеп, Әліби Жангелдинмен Петропавл төтенше комитетіне мүше болып сайланады.
– Бұл кісі – тарихи тұлға. 1922 жылы Орынборда өткен ІІ Бүкілқазақстандық конференцияға қатысып, жазушы Сәбит Мұқановпен танысады. 1923-1927 жылдар аралығында Қарқаралы уездік милициясының бастығы, 1927-1930 жылдары Семей қалалық милициясының бастығы болады. 1930-1932 жылдары Қарқаралы ауданында колхоз басқарған, – дейді музей қызметкері Сәтбек Сланбеков.
Жасынан шахтада еңбек етіп, бірнеше мәрте түрмеге түседі. Соңына түскендер отбасын тірідей өртеп жібереді. Музейде тұрған қылышы мен тапаншасы сол кезде жанына серік болған екен. Бұл жәдігерлерді Қарқаралыда милиция бастығы болған Мекежан Нелдібаев музейге тапсырған.
Сағыныш ӘБІЛ.
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.