Әлеуметтік көмек – балаларға
Облыстағы медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық қызметтерді төлеуге 330 миллион теңгеден астам қаражат бөлді. Сондай-ақ, биылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) пакет бойынша әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балаларды, оның ішінде, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды қолдауды көздеп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, МӘМС жүйесінде жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі. Сондай-ақ, шұғыл стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер алады. Оған қоса «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері және көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, зейнеткерлер, әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулармен ауыратын науқастар, мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен І топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар да көмектің шарапатын көре алады.
Жалпы биылғы 8 айда Қарағанды облысындағы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халыққа 223 мыңнан астам стоматологиялық қызмет көрсеткені үшін 331,2 миллион теңге төледі. Оның ішінде, жоспарлы түрде 18 жасқа дейінгі және жүкті әйелдерге 52,3 мыңға жуық қызмет және балаларға ортодонтиялық көмектің 105 қызметі, шұғыл көрсеткіштер бойынша халықтың жекелеген санаттарына 170 мың қызмет көрсетілді.
Ортодонтиялық көмек тіс-жақ аномалияларын жоюға арналған аппаратты пайдалана отырып, жақ және бет аймағының туа біткен патологиясы бар 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі. Сондай-ақ, биылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балаларға атаулы әлеуметтік көмек бермек. 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға түрлі тіс-жақ аномалиялары (тіс ақаулары, жақтың микрогнотиясы) кезінде ортодонтиялық көмек көрсетіледі. Бүгінгі таңда өңірде 150-ден астам бала аталған көмекті алады деп жоспарланған.
– Стоматологиялық көмек алу үшін пациент емханаға да, стоматологиялық клиникаға да жүгіне алады. Сонымен қатар, стоматологиялық қызмет көрсететін клиниканың Қордың жеткізушілері бірлесіп, орындаушылары тізімінде болуы маңызды, – деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев.
Қор мамандарының айтуынша, шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету пациенттің еркін таңдауы негізінде жүзеге асырылады (бала жағдайында – ата-ана немесе заңды өкіл) және пациенттің тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің жолдамасының болуы талап етілмейді. Қызмет көрсету фактісі және стоматологиялық көмек көлемі ақпараттық жүйеде тіркеледі. Медициналық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы жүгіну қажет. Оны ұялы телефондағы Play Market және App Store қосымшалары арқылы орнатуға болады.
Аяулым СОВЕТ.